$ 494.87  520.65  4.91

Басқарудың жаңа кезеңі: Олжас Бектенов Үкімет басына келді

"Ол тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, жоғары білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбекқор. Сондықтан да жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын."

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін елімізде саяси өзгерістер орын алып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты.

Мемлекет басшысына «Amanat» партиясының атынан Премьер-Министрдің кандидатурасы ұсынылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-Министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Мәжілістің жалпы отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын неліктен ұсынғанын түсіндірді.

Президент Қазақстанның алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұрғанын, даму мен ілгерілеуге жету үшін жаңаша көзқарас қажет екенін атап өтті.

"Сондықтан үкімет құрамы өзгереді, жаңа тағайындаулар, жаңа тұлғалар болады.Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармағына сәйкес, Премьер-министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті ұсынамын. Кандидатурасын "Аманат" партиясы ұсынған, ол тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, жоғары білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбекқор. Сондықтан да жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партияластарымен бірге Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын неліктен қолдағанын айтты.

«Біз Олжас Абайұлын көп жылдан бері мемлекеттік қызметте, нақтырақ айтқанда экономикада, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, капиталды қайтару тұрғысында жұмыс істеген адам ретінде жақсы білеміз. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы кезінде капиталды қайтару мәселесін бірге талқылаған едік», — деп атап өтті Азат Перуашев.

Сонымен қатар ол Үкіметке қандай адам керегін және жаңа Премьер-Министрдің алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

«Олжас Бектенов — зиялы, бірақ өте қатал адам. Бүгінде Үкіметке жетіспейтін дүние — осы. Әдемі баяндамалар жасалып, ал содан кейін бәрі бюрократиялық кабинеттерде батып қалады. Қорытындысында билік вертикалі жұмыс істемейді, атқарушылық тәртіп әлсіз. Меніңше, Бектеновтің алдында тұрған міндеттердің бірі — экономикалық түрленуді жүзеге асыру, жаңа экономикалық модель қалыптастыру және қатаң атқарушылық тәртіпке қол жеткізу», — деді Азат Перуашев.

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова да жаңа премьер-министр Олжас Бектеновке қатысты пікір айтты.

"Жаңа буын келе жатыр. Мемлекет басшысы жаңа Үкімет басшысы жайлы тәртіпті, таза адамдардың бірі деп айтты. Менің ойымша, бізге өзі тәртіпті, таза, сол тәртіпті басқалардан талап ете алатын адам керек болды. Мен оған сенемін", - деді Сүлейменова.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары