07.02.2024, 01:30

Өскеменнің экологиялық ахуалы тұрғындарға қауіпті екені айтылды

Фото: ustinka.kz

Аймақтағы күрделі эко-ахуалды экологтар үнемі айтып келеді.

Өскеменнің ауасын қыста ірі өндірістер мен жеке үйлер, нысандар жаққан көмір түтіні ластайды, деп хабарлайды  Skifnews.kz ақпарат порталы Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Жазда қала көліктен шыққан көк түтінге көміліп тұрады. «Қазгидромет» орталығы былтыр 128 күн қолайсыз метео жағдай қалыптасқанын тіркеген. Биыл тек қаңтарда шаһардың ауасы 15 күн қатарынан ластанған. Аймақтағы күрделі эко-ахуалды экологтар үнемі айтып келеді. Былтырдан бастап тыныс жолдары ауруына шалдыққандарға «химиялық күйік» деген диагнозды қайта қою туралы шешім қабылданған.

Өңірлік «Қазгидромет» орталығы қалада қолайсыз метеожағдай қалыптасқаны туралы ескерту хабарлама таратқан бойда емханаларда кезек көбейеді. Дәрігердердің алды науқастан босамайды. Қала көк түтінге көмілгенде әсіресе балалардың мазасы кетеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тікелей экологиялық жағдайға қатысты бүгінге дейін «химиялық күйік шалу» диагнозы қойылды ма, жоқ па ол туралы ашық ақпарат бермей отыр. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, емдеу хаттамасына әлі енгізілмеген.

Өскеменнің ауа құрамын зерттейтін 5 стационарлық, 2 автоматтандырылған және 1 көшпелі зертхана бар. Осы бекеттерден қаланың ауасына қатысты ақпарат орталық зертхана сағат сайын онлайн түсіп тұрады. Мамандар соңғы жылдары ауада кейбір улы металлдардың тым көбейіп кеткеніне алаңдаулы.

Ақпарат қолжетімді болғанымен, тұрғындар үшін ең басты сауал қаладағы ауыр экологиялық жағдайдың оңалуы. Ал экология департаменті өңірдегі ірі өндірістердің жұмысын қадағалаумен ғана шектеледі.

Айыппұл салумен мәселе шешілмейтінін тәуелсіз экологтар да талайдан бері айтып келеді. Тіпті олар түрлі жобалар ұсынған. Соның бірі қаладағы қоғамдық көліктерді газға көшіру.