Ел Президентінің шешімімен Үкімет таратылып, жаңа Үкімет жасақталды.
«AMANAT» партиясы кандидатурасын ұсынысымен және Мемлекет басшысының қолдауымен ҚР Премьер-министрі болып тағайындалған Олжас Бектенов бастаған Үкіметке артылар жүк ауыр». Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Күні кеше елімізде үлкен кадрлық өзгерістер болды. Ел Президентінің шешімімен Үкімет таратылып, жаңа Үкімет жасақталды. Бұл ретте, былтырғы сайлауда көпшіліктің басым даусына ие болған партия ретінде «AMANAT» Президент ұсынысымен тағы да Премьер-министр лауазымына кандидатура ұсынды.
Бұл жолғы таңдау тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары, көптеген жауапты лауазымдарда шыңдалған Олжас Абайұлы Бектеновке түсті. Бұл ұсыныс Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тауып, Мемлекет басшысы жаңа Премьер-министрді тағайындады. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп, партияның да халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Осыған орай Үкіметтің жұмысын Фракция және барша Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта да әдеттегідей жіті бақылап, нақты талап етіп отыратын болады», - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, елімізде бүгіннің өзінде ондаған жылдар бойы қордаланған бірқатар өзекті мәселе бар. Оның ішінде, еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі, халықтың несиеге белшеден батуы, баспанаға кезекте тұрған азаматтар санының 640 мыңнан асуы, өңірлердегі су тапшылығы, ТЭЦ-тердің әбден тозуы, медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермеуі, мемлекеттік сатып алу жүйесінің олқылығы және т.б. проблемалар.
Жасақталатын жаңа Үкімет осы секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты тез арада ширатуы қажет деп есептейміз. Сондай-ақ жаңа Үкіметтің алдында елден заңсыз шығарылған миллиардтаған қаржыны қайтарып, ел игілігіне пайдалану міндеті тұр. Бұл ретте, Олжас Бектеновтің осы салада атқарған қызметі мен мол тәжірибесі өз нәтижесін беретініне сенімдіміз.
Қашанда, жаңа Үкіметке артылар жүк – ауыр. Елдің артқан аманатын, Президенттің қойған міндеттерін, депутаттардың білдірген сенімін ақтау жауапкершілігі тұр. Осы жолда жаңа Премьер-министр Олжас Бектенов бастаған Үкіметке ауқымды міндеттер жүктеумен қатар, жемісті жұмыс пен толайым табыс тілейміз», - деді Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшасында.