$ 494.87  520.65  4.91

Амалбек Тшанов: Қоғам талап етсе – кез келген мәселе ашық талқылануы керек

Елтаңбаның атрибуттары маған да күрделі көрінеді. 

Фото: Qazaqstan.tv
Фото: Qazaqstan.tv

Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов «Жаңа Адамдар» қозғалысының Елтаңбаға байланысты жасаған сауалнамасына қатысты пікір білдірді. Қоғам қайраткерінің сөзінше, өзгеріс енгізу керек десе, халықтың көпшілігі түсінбей жатса ашық талқыға салып көру қажет, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Меніңше, егер қоғам Елтаңбаға өзгеріс енгізу керек десе, халықтың көпшілігі түсінбей жатса ашық талқыға салып көру қажет. Сауалнамаға қатысқан 500 адамның 70 пайызы танымаса үлкен көрсеткіш қой. Жалпы, Елтаңбаны қабылдаған кез маған жақсы таныс. Ол кезде мен Жоғарғы Кеңестің депутатымын. Жоғарғы Кеңес бекіткен Мемлекеттік комиссия рәміздерді талқылап бекітті. Қоғам талқысына салынған жоқ.  Халықпен ақылдасуға бір жағынан уақыт та болмаған секілді. Қиын кездер еді ғой. Ал, қазір ашық қоғам құрамыз деп жатырмыз. Көптің қалауына салып, ұсыныстарын сұрап көргеннің айыбы жоқ деп ойлаймын. Өз басыма келер болсам, Елтаңбаның атрибуттары маған да күрделі көрінеді.  Бірақ, бұл іске нағыз мамандар, тарихшылар, архитекторлар кірісуі қажет. Рәмізтанушылар не дейді? Мүмкін, жалпы жұртшылықтың көңілінен шығар ерекше бір туындылар өмірге келетін шығар?!

Амалбек Тшановтың айтуынша, ашық қоғам құрамыз деп жүріп барлығын жабық өткізу дұрыс емес.

Ашық қоғамның басты талабы – қоғамның үнінің естілуі ғой. Алайда, ашық қоғам құрамыз дейміз де барлығын жабық өткіземіз, шағын ортада талқылай саламыз. Соттың өзі жабық режимде өтеді. Қылмыстардың ашылуы, ауқымды сот процестері де халыққа жария етіліп отырғаны жөн. Ашық қоғамда елден жасыратын не бар? Не себепті Ұлттық құрылтайды құрдық? Қаптаған қоғамдық ұйымдар не үшін? Осындай елдік мәселелерді талқыға салу үшін керек емес пе? Сондықтан, Елтаңбаға қатысты қоғамдағы түрлі пікірлерді тоқайластырып, бір шешімге келетін уақыт жеткен секілді. Жалғыз Елтаңба ғана емес, Мемлекеттік Рәміздердің қай қайсысына қатысты қоғамда түрлі қайшылықты болмауы қажет. Талқыға түсіп, ортақ шешімі табылуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысы Астана мен Алматы тұрғындары арасында 6 түрлі герб көрсетіп, еліміздің қазіргі Елтаңбасын табуға сауалнама жүргізген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары