Қазақстанның барлық өңірлері «жасыл» аймаққа енді.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Ең көп жағдай Алматы мен Астанада тіркелді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, Қазақстанда өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтарында коронавирус жұқтырғандар саны 2,5 есеге өсті. Желтоқсанда – 187, ал қаңтарда – 477 жағдайға дейін өсті. Жаңа жағдайлардың ең көп дерегі Алматы (143) мен Астанада (74) тіркелді.
2024 жылдың 26 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында бір апта ішінде республикада COVID-19+ инфекциясының 144 және COVID-19- инфекциясының 11 жағдайы тіркелді. Ауру дерегінің 26 жағдайға өскені байқалды. Сондай-ақ жаңа жағдайлардың ең көп дерегі Алматы (37) мен Астанада (21) тіркелді, – делінген хабарламада.
Қазақстанның барлық өңірлері «жасыл» аймаққа енді. Жұқпалы аурулар төсектерінің толтырылуы 1 пайызды құрап, үш науқас стационарда емделіп жатыр.
Шектеу шараларын енгізу жоспарда жоқ. Сонымен қатар соңғы айда коронавирусқа, ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар санының артуына байланысты адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте және медициналық ұйымдарға барған кезде және науқаспен байланыста болғанда бетперде тағу ұсынылады, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжілісте медициналық маска тағу міндеттелді. Мұндай шешім парламенттің төменгі палатасының спикері Ерлан Қошанов пен тағы басқа бірнеше депутат коронавирус жұқтырып алғаннан кейін қабылданған болатын.