$ 491.7  531.28  5.07

Бүгін – мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Қазақтың лирик ақыны, заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік.

Фото: qazaqstan.tv
Фото: qazaqstan.tv

Бүгін қазақ поэзиясына ерекше серпін әкелген ақиық ақын Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны, заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өседі.

Мұқағали ақын 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтында, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, Мәскеудегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында білім алады.

Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады.

Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді.

«Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары. Осының бәрін ол жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес туындыларды дүниеге әкелді.

Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланды (1949). «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» – деп баға берген.

Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» (1972 жылы), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» (1975 ж.), «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» (1988 жылы) атты прозалық кітабы да бар.

Біршама өлеңіне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін (1971 жылы), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970 жылы), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 жылы) қазақ тіліне аударды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары