Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды.
Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Олжас Бектенов қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министрдің сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.
«Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады», — деп түйіндеді ол.