$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін біртуар режиссер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл

Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді.

Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бүгін біртуар режиссер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Шәкен Кенжетайұлы Айманов  - 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданады.

Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай - Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық  рөлдерді сомдады.

Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. Оның актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі.

«Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. Ш.Аймановтың режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеу басым еді.

1949 жылы өз инсценировкасымен қойған «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институты» спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. Ал «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты.

Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбады.

Әр түрлі кинофестивальдерде, симпозиумдарда Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді.

«Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты.

1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында»   фильмдердің  бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр.

Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді.

Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды.

Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына  мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды.

«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендерімен марапатталған. Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары