16.02.2024, 01:30

«Тұлпар емес, бұл - арыстан»: Танымал сәйгүлік Кабирхан туралы ән жарық көрді

Фото: instagram.com/kabirkhan_qazaqstan

Кабирхан жүйрік, Құдайдан сыйлық, қазақтың атын шығарған.

Дубайда өткен бәйгелерде топ жарған қазақстандық сәйгүлік Қабирхан туралы ән жарыққа шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

"Қабирхан жүйрік" деп аталатын туындының сөзін ақын әрі сазгер Медет Нұрқали жазған. Ал әуенін шығарған және әнді орындаған – "Алашұлы" тобының бұрынғы мүшесі Әзімбек Байлин.

"Екеуіміз бірге таңғы сағат 4-ке дейін отырып жаздық. Бірінші әні, содан кейін сөзі шықты. Мен негізі бұны бір аптадай толғатып жүргем. Сосын бір күні келді ғой", – деді Әзімбек Байлин.

Бұл әннің шығуына Қабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиевтың жолдастары себеп болған көрінеді.

"Қабирхан екінші рет Дубайдан ұтып келгеннен кейін Тілек мырзаның жолдастары маған хабарласты. Ол кісілерді бұрыннан танимын. Менің "Арғымақ" деген әнімді ұнатқандарын айтып, сондай әнді Қабирханға арнап шығаруды ұсынды. Мен ұсынысты қабыл алдым. Осылайша Тілек мырзаға жолдастары сыйлық жасады", – деді Әзімбек Байлин.

Әншінің айтуынша, туынды Қабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиевке ұнады. Жақын арада ән ресми түрде желілерге жарияланбақ.

Әннің мәтіні:

1. Шабады тұлпар, ұшады сұңқар, жебедей ұшқан алыстан,

Жалы бар жібек, жалындап жүрек желменен жүйткіп жарысқан.

Бәйгеден қашпай, тұяғы тастай, шаң қаптыратын шабыстан,

Көргенде топты, көзі де отты, тұлпар емес бұл - арыстан.

Қайырмасы:

Шабандоз шапқан, тізгінін тартқан, бәйгеде бағы сыналған

Кабирхан жүйрік, Құдайдан сыйлық, қазақтың атын шығарған.

2. Соғады қамшы, түскендей тамшы далаға төккен нөсердей,

Арғымақ - аңшы, жігермен жаншы, мәрені қылмен кесердей.

Тулатып қанын, беретін жанын, тағасы жерді тесердей,

Доданы көрсе, еркіндік берсе тізгінін тістеп шешердей.

Домбыраның күмбірімен, Арғымақтың дүбірімен.