Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев өзінің Facebook-тегі парақшасы арқылы доп шығаратын зауыт құрылысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Кеше менен 130 млн. долларлық доп шығаратын индустриалды жобаға қатысты түсініктеме беруді сұраған еді. Кешіріңіздер, кеше бірден жауап бере алмадым. Әрине, жоқ. Ақпарат шындыққа жанаспайды. Журналистер дұрыс түсінбей қалған сияқты. Мұндай және басқалар жазып жатқан көптеген жобалар Индустрияландыру картасында жоқ. Т.Есентаев мырзадан анықтап білгенімдей, әңгіме спорт саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру төңіргенде өрбіген», деп жазды Ә.Исекешев өзінің Facebook-тегі парақшасына.
Оның атап өтуінше, зауыт құрылысына тек жеке қаржы ғана тартылатын болады. «Бұл жобалардың бюджет қаржысына жүзеге асырылмайтындығы анық. Менің білуімше, кәсіпкерлер өздерінің 500 мың долларға дейінгі жеке қаржыларын спорттық тауарлар өндірісіне құйған. Инвестиция көлемі 130 млн. долларды құрайтын доп өндірісі бойынша жоба жоқ», дейді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 5 тамыз күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаев биыл қазақстандық «Kazsport Technology» компаниясы доп шығаратын зауыт ашатындығын айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, оған салынған жалпы инвестициялардың көлемi 130 миллион АҚШ долларына тең болмақ. Ол Алматыда орналасады, онда волейбол, баскетбол мен футболға арналған доптар шығарылады.