21.02.2024, 16:00

БЖЗҚ желіде тараған қауесетке қатысты мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz

БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді.

Қазақстандықтардың деректерінің сыртқа шығуы туралы ақпараттан кейін Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"БЖЗҚ" АҚ GitHub сайтындағы құжаттарға белгісіз тұлғалар орналастырған қазақстандықтардың дербес деректерінің БЖЗҚ дерекқорынан шығуы туралы желіде таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ресми мәлімдеме жасайды. 

БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде, жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып табылады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ, - делінген хабарламада.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ киберқауіптерге қарсы тұру үшін заманауи жарақталған жүйені белсенді түрде қолданады. Бұл жүйе Қордың ақпараттық технологиялық (АТ) инфрақұрылымының сыртқы және ішкі периметрін аса белсенді қорғау әдістерін қамтиды. БЖЗҚ осы саладағы үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдеріне уақытылы жауап беріп, қажетті шараларды қолдана алады. 

БЖЗҚ нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін, салымшыларға олардың құпия деректерін толық қорғауға кепілдік беретін және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік талаптарды қатаң сақтайтын халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық аудитінен үнемі өтіп тұрады. 

Естеріңізге сала кетейік, желіде Қазақстандықтардың жеке деректері Қытай үкіметінің қолына түскені туралы хабар тараған еді.