Интернет-ресурстар мүгедектігі бар адамдарға арналған ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі.
Сайттар мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделуге міндетті болады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында айтылды, деп хабарлайды еп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заң жобасы ақпарат иелерін – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттейді.
Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерзімді, ғылыми, оқу-әдістемелік, анықтамалық, ақпараттық және көркем әдебиеттер шығарылады. Кем дегенде бір жаңалықтар телебағдарламасы субтитр немесе сурдоаударма түрінде аударылуы керек. Интернет-ресурстар мүгедектігі бар адамдарға арналған ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі, сондай-ақ есту және/немесе көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделеді.
Сонымен қатар ақпарат иелерінің қызметі туралы мәліметтері бар ақпаратқа және ұқсас мақсаттағы басқа да техникалық құралдарға еркін қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы толық ақпарат болады.