Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, оларды қаржылық тергеу жүргізу кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәскеуде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағалидің Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновпен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде өзара құқықтық көмек көрсету, цифрлық шешімдерді пайдалану, адамдарды іздестіру, оқытуды ұйымдастыру, бірлескен жобаларды іске асырудың басым мәселелері талқыланды.
Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, оларды қаржылық тергеу жүргізу кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында А.Жұмағали Агенттіктің қызметіне және елдегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Біз Агенттіктің жұмысында алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың теңгерімін саналы түрде қамтамасыз етуге тырысамыз, жемқорлықсыз қоғам құру мақсатында азаматтармен белсенді қарым-қатынас жасаймыз. Біз өзара іс – қимыл үшін ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді А.Жұмағали.
Кездесу аясында Ресей Президенті Әкімшілігі мен Бас прокуратурасының өкілдері қазақстандық делегацияны «Посейдон» жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ақпараттық-талдау жүйесімен таныстырды. Бұл жүйе декларациялау жөніндегі талаптар қолданылатын тұлғалардың кірістері мен шығыстары туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді жүзеге асырады.
А. Жұмағали «мұндай жүйелер жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігіне сөзсіз әсер етіп, енгізіліп жатқан кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау жүйесі шеңберінде негізсіз байытуды бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстанда қолдану тұрғысынан зерделенеді.
Жалпы, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, адами факторды алып тастау, бизнес процестердің ашықтығы, «ақшаны бояу» тетігін енгізу, деректер базасын интеграциялау жемқорлықты едәуір азайтуға мүмкіндік береді» деп атап өтті.
Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша екі елдің органдары арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Кездесу соңында Агенттік Төрағасы А. Жұмағали ресейлік әріптестеріне іс-шараны ұйымдастырғандары үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.