22 жастағы жігітті оқудан шеттетуді ұйғарады, ал бұйрықты орындаған – Әміржан Қосанов екен.
Кезінде "Желтоқсан оқиғасына" қатысып, кейін оқудан шеттетілген ақын, сазгер әрі журналист Аманғазы Кәріпжанов басынан өткен қиын жағдайды баяндап, ауыр тағдыры туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz - ке сілтеме жасап.
1986 жылы Аманғазы Кәріпжанов Алматыдағы ҚазҰУ-дың "журналистика" факультетінің студенті еді. Күндердің күнінде желтоқсан көтерілісі басталып, қатарластарымен бірге алаңға шығады. Мұны байқаған оқу орнының басшылары 22 жастағы жігітті оқудан шеттетуді ұйғарады, ал бұйрықты орындаған – Әміржан Қосанов екен.
Әміржан Қосанов сол кезде "журналистика" факультетінің комсомол ұйымының хатшысы болды. Оған жоғарыдан бұйрық берілген шығар. Биліктің машинасы солай болып тұрды ғой. "Шығарылсын" дегендер қол көтеріңдер" деді, бәрі қол көтерді. Сонымен оқудан шығарылдық. Әрине, оқудан шыққанымыз үшін ренжідік. Студент болу үшін төрт жыл бойы құрылыста да істеп, қой да бағып, жанталасып жүріп енді ғана оқуға ілініп, жатақханаға орналасып, жылы жерге келіп, бірінші рет студенттік өмірді көрген кезде бәрінен айырып, лақтырып тастағанда ренжідік, – дейді желтоқсаншы.
Айта кетейік, Аманғазы Кәріпжановтың ақындық өнері де қалың көпшілікке жақсы таныс. Ол Ринат Зайытовтың айтыс сахнасындағы ең алғашқы қарсыласы екенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес...
Мен Ринат Зайытовтың айтыста ең алғаш тұсауын кестім. Ринат ол кезде қаршадай бала еді. Өзінің ұшқырлығын, отын көрсетіп тұрған, жанының жалынын көрсетіп тұрған, сондай керемет бала болды. Өте талантты бала болды. Сонымен қатар сол кездің өзінде қоғамдық ойлау деңгейі бар бала болды. "Әй, бұл баладан болашақта бірдеңе шығады" деп ойладық. Сол кездегі қаршадай Ринат бүгінде мәжіліс депутаты, – дейді ақын.