Қазақстан чемпионаты 1 наурыз бен 10 қараша аралығында өтеді.
Ертең футболдан Қазақстан чемпионаты басталады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Премьер-лиганың биылғы маусымына 13 өңірден 14 клуб қатысады. Олар – «Ақсу», «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер».
Қазақстан чемпионаты 1 наурыз бен 10 қараша аралығында өтеді. Мачтардың көбі дәстүрлі түрде демалыс күндеріне жоспарланған.
Маусымның алғашқы ойыны еліміздің 7 дүркін чемпионы «Астана» мен 16 жылдан кейін Премьер-лигаға оралған «Жеңіс» арасында болады. Сөйтіп, чемпионаттың алғашқы ойыны астаналық дербиімен ашылады. Сонымен бірге бірінші турда ел чемпионы «Ордабасы» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубымен кездеседі.
Премьер-лиганың матчтарын Qazsport, Qsport пен жаңа ашылған Qfootball телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Әзірше алғашқы 6 турдағы ойындардың басталу уақыты белгілі, ал қалған турлардағы матчтардың басталу уақыты туралы ақпарат кейінірек жарияланады.
Айта кетейік, ойындардың толық күнтізбесін Telegram-арнасынан немесе qfl.kz сайтынан көруге болады.