05.03.2024, 18:20

Бас мүфти Рамазан айында кәсіпкерлерді арақ-шарап сатпауға шақырды

Фото: muftyat.kz

ҚМДБ Төрағасы мұсылман үмметі үшін ұлық саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді,  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚМДБ Төрағасы мұсылман үмметі үшін ұлық саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Биылғы Рамазан айының басталуы, пітір көлемі, Қадір түні мен ораза айт күндері жайында айта келе Бас мүфти халықты қасиетті айда жүзеге асатын қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды.

«Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі».

«Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземін. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамыз. Осы қасиетті айда шамасы келген кісілер мұндай сауапты әрі халыққа пайда тиетін істерге қолғабыс болып, көмек беріп, қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді», - деді ол.

Наурызбай қажы Тағанұлы осы айда жағдайы бар адамдарды мұқтаждарға көмектесуге шақырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 

Қазақстан бойынша ораза кестесі жарияланды

ҚМДБ 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті: Ораза қашан басталады

Науқас адамға ораза ұстауға бола ма: ҚМДБ жауап берді