Қызыл кітапқа енген сабаншы жабайы мысығы аласа тауларда және түзде мекендейді.
Шығыс Қазақстан облысында манулдар (паллас мысығы) немесе сабаншы мысығы 9 жылдан кейін камераға екінші рет түсіп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл жайында Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Табиғи парк өкілдерінің жазуынша, 2015 жылы парк камераларына түскен паллас мысықтары Аршаты орман шаруашылығында түсірілген алғашқы және жалғыз кадрлар болған.
"Кейін сілеусін мен барыс камераға түсіп қалды, бірақ кішкентай және жабайы мысықтардың кадрлары болмаған еді. Енді міне, паллас мысығы да қайтадан кадрға ілінді. Біз бұл тамаша жаңалықты оқырмандарымызға бірінші болып бөліскенімізге қуаныштымыз", - деп жазды ұлттық табиғи парк мамандары.
Қызыл кітапқа енген сабаншы жабайы мысығы аласа тауларда және түзде мекендейді. Қатон-Қарағай ауданында сабаншылар жоқ деп саналатын. Бірақ 2014 жылы Шығыс Қазақстан аумағында орнатылған фотоқақпандарға жабайы мысықтар үш рет түсіп қалған. Аякөз және Абай аудандарының шекарасындағы Шыңғыстау тауларында екі сурет жасалса, үшіншісі Семей жеріндегі Маншан тауларында түсірілген.