$ 494.87  520.65  4.91

Қостанайда кәсіпорын шенеуніктермен сыбайласып қаржы жымқырған

Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, оның 13 — ұйымдасқан топтың мүшелері.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысында BEEF EXPORT GROUP ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығы ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  

Аталған адамдар ұзақ уақыт бойы ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту ұлттық жобасы шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген.

Тергеу барысында күдіктілерден 107 млн теңге өтеліп, 3,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салынды.

Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, оның 13 — ұйымдасқан топтың мүшелері.

Оларға субсидия жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау секілді бірнеше айып тағылған. 

Ұйымдасқан топтың басшысы өз бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге зорлық-зомбылық жасады деп күдікке ілініп отыр. 

Сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтың басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды.

Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының 3 лауазымды тұлғасына ақша ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген айып тағылды. 

7 ветеринар дәрігерге құжаттарды қолдан жасағаны, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды.

Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары