Тек соңғы бір жарым жылда Қазақстан мен Әзербайжан арасында 40-қа жуық маңызды құжатқа қол қойылған.
11-12 наурызда Бакуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің арасында маңызды келіссөздер жүрді. Екі елдің басшылары ресми кездесулерден соң келіссөздер залына өтіп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізгені жайлы Ақорда хабарлады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға екі күндік сапары турасында отандық сарапшылар өз пікірлерін білдіріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ынтымақтастықтың жаңа белестері
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтың айтуынша, екіжақты қатынастардың нормативтік-құқықтық базасы қарқынды түрде ұлғайып келеді.
«Тек соңғы бір жарым жылда Қазақстан мен Әзербайжан арасында 40-қа жуық маңызды құжатқа қол қойылған. Оған қоса осы сапардың қорытындысы бойынша 14 құжатқа қол қойылды. Бұлардың қатарында Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің бірінші отырысының шешімі және «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (Aih) және т. б. арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім бар» - дейді саясаттанушы.
Маман пікірінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақтастық үшін жаңа перспективаларды ашады. Атап айтсақ, уағдаластыққа қол жеткізген келісімнің бірі көлік-логистика саласына тиесілі. Көлік министрліктері арасындағы теңіз кемелері экипажы мүшелерінің кәсіби дипломдарын өзара тану туралы келісім халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыруға және теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.
«Бұл келісім теңіз өнеркәсібіндегі еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға ынталандырады. Теңіз навигациясы саласындағы екі ел мамандарының бір-бірімен тәжірибе алмасуына ықпал етеді. Сондай ақ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімін де ерекше атап өткен жөн. Жалпы алсақ, екі мемлекет те энергияның ірі өндірушілері мен экспорттаушылары болып табылады. Сондықтан бірлескен жобалар екі жаққа да айтарлықтай пайда әкелуі тиіс», - деді Айдар Құрмашев.
Келісімдер қалалық әкімдіктердің іс-шаралар жоспарларын қоса алғанда, жоғары мемлекеттік деңгейде ғана емес, сонымен қатар ведомствоаралық деңгейде де өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Сонымен қатар, білім беру саласындағы мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту да сапардың маңызды аспектісіне айналды.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, студенттер алмасу, мәдени бағдарламалар және бірлескен ғылыми жобалар қос мемлекеттің халқын жақындата түспек. Бұл өзара түсіністікті тереңдетуге және достық қарым-қатынасты нығайтуға оң әсер етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапары өңірдегі ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайтуға деген ортақ ұмтылыс аясында өтті. Екі ел де аймақтық саясат пен экономикада маңызды рөл атқарады және олардың өзара іс-қимылы Орталық Азия мен Кавказдағы тұрақты даму үшін стратегиялық маңызға ие.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас 2005 жылы Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар жөніндегі шартқа отырғаннан бастап ерекше қарқынмен дамыды. Ал 2022 жылғы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға қол қойылып, қазір екі елдің қарым-қатынасы осы құжаттарға сәйкес дамып келеді. Бүгінде Қазақстан да, Әзербайжан да экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларда өзара байланысты нығайтуға ниетті. Мемлекет басшысының осы сапары мүмкіндіктерімізді кеңінен пайдалануға септігін тигізбек. Бірлескен жобалардың арқасында бірталай жетістіктерге жетуге мүмкіндік бар деп санайды отандық сарапшылар.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасында достық және тату көршілік қарым-қатынастар дамыған. Бұған қоса, екі мемлекет халықаралық құқықтың, егемендік пен аумақтық тұтастыққа қол сұғылмаушылық қағидаттарын қатаң сақтауға міндеттейтін халықаралық қатынастардың жауапты субъектілері ретінде белгілі», - деп сипаттады қос елдің байланысын ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев.
Жасалып жатқан келісімдер Қазақстан мен Әзербайжанға бірдей тиімді болатын бірқатар маңызды жобаларды қамтиды. Атап айтсақ, былтыр 2023 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 529,4 миллион доллар болды. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша 2005-2023 жылдары Әзербайжаннан тартылған инвестициялар көлемі 3 380,8 млн долларды құрады. Транзит және көлік ынтымақтастығы біртіндеп жолға қойылып келеді. Азия-Еуропа арасындағы ары-бері бағыттар бойынша жүктерді жеткізуде екі елдің қарым-қатынасы айрықша рөлге ие. Сонымен қатар, мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың тағы бір маңызды тұсы - қазақстандық мұнайды Транскаспий халықаралық көлік жолының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы әлемдік нарықтарға тасымалдау. Сарапшы Болат Әуелбаевтың айтуынша, Каспий теңiзiнің ортақ болуы өзара тиімді байланыстарды қажет етеді.
«Экономикалық және сауда қатынастары тізбегіндегі мемлекеттердің орналасу геосаясатының өзі өнеркәсіп, көлік дәліздері және логистикалық хабтардан тұратын тиімді байланыстарды құруға ықпал етеді. Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік жолы маңызды орын алады. Қос мемлекеттің бұл жағдайда мүддесі бір. Бүгінгі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Әзербайжан жаһандық энергиямен қамтамасыз ету, көлік дәліздері мен логистика жүйесіндегі маңызды буынға айналуы керек», - деді сарапшы.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде нығайып келеді, екі ел табиғи және геоэкономикалық әріптестер болып табылады. Астана мен Бакудың жақындасуына белгілі бір дәрежеде халықаралық жағдайдың шиеленісуі және құрлықтағы континенттік көлік маршруттары маңызының өсуі ықпал етті. Бұл факторлар екі ел халықтарының дәстүрлі берік мәдени және тарихи байланыстарымен өрбіді.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекованың пайымдауынша, соңғы жылдардағы қос мемлекет басшыларының іссапарларының динамикасын саралай отырып, Әзербайжан біздің еліміздің оңтүстік Кавказдағы маңызды геосаяси және геоэкономикалық серіктесіне айналғанын байқауға болады.
«Меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапарлары өте табысты және нәтижелі болып жатыр. Атап айтсақ, Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің жұмысы іске қосылды және оның алғашқы отырысы өтті, ынтымақтастық туралы тағы 14 құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Әзербайжан өзара тиімді ынтымақтастықтың кең ауқымына іс жүзінде кірісті деуге толық негіз бар», - дейді саясаттанушы.
Бүгінде екі ел арасында бірнеше жылдан бері жүргізіліп жатқан келіссөздер өз нәтижесін беріп жатыр. Ақорда берген мәліметтерге сәйкес, Қытайдағы Сиань құрлық портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағыты ашылған. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбінде оптикалық-талшықты энергетикалық кабель тартылып жатыр. Бұл байланыс желісі Еуропадан Қытайға дейінгі цифрлық телекоммуникация дәлізін құруды көздейді. Қазақстандағы digital-саланың қарқынды дамуын ескере отырып, бұл жоба елдегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды одан әрі дамытады деп күтілуде.
«Әзербайжан – бұл Каспий теңізі, тілі, мәдениеті, тарихы мен экономикалық дәліздері ғана емес, сонымен бірге болашақ әлемдік дамудың ортақ көзқарасы. Екі Республика да өз субаймақтарында – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда көшбасшылар бола отырып, өз тәуелсіздігін нығайтуға және бейбіт, жанжалсыз дамуға бет бұрған елдер», - деп ой түйіндеді сарапшы Әлия Мұсабекова.
Ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қоюмен ерекшеленген бұл сапар барысында мәдени байланыстар да тыс қалған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Физулиге ат басын бұрып, Құрманғазы атындағы өнер орталығының ашылу салтанатына қатысты. Ақорданың хабарлауынша, 3100 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат 600 оқушыға арналған.
Айта кетелік, қазіргі тарихи кезеңде Қазақстан мен Әзербайжан көпвекторлы сындарлы саясатты ұстанады. Халықаралық қатынастардың құқықтық негіздерін шоғырландыруды, жаһандық шиеленістерді болдырмауды және адамзаттың тұрақты дамуын қолдайтын мемлекеттер.