$ 494.87  520.65  4.91

Үлкен қажылық пен кіші қажылықтың айырмашылығы неде

«Ел мені қажы деп айтсын» деген ниетпен баратындар да бар.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылық жасау – парыз. Умраға барып «кіші қажы» атанып келуді мақсат еткен жандарға жыл он екі ай бойы жолға шығуға мүмкіндік бар. Дінге ден қойғандар арасында қазіргі қасиетті айды құлшылық қаласы Меккеде өткізуді құп көретіндер көп. Ал, үлкен қажылыққа қай айда бару керек? Жалпы, үлкен қажылықтың кішісінен айырмашылғы неде? Бұл жайында Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы kaz.inform-ға сілтеме жасап.

«Қажылық пен умра құлшылығының екеуі бір жерде жасалғанымен, бір-біріне ұқсамайды. Қажылық та, кіші қажылық та Меккеге сапармен басталып, ихрам кию, Қағбаға тауап ету, Сафа мен Маруа жоталары арасында жүгіру және шаш алу секілді бірқатар діни амалдармен жалғасады. Бұл рәсімдер кіші қажылықпен қатар, үлкен қажылық уақытында да жасалады, дегенмен тек үлкен қажылық кезінде ғана атқарылатын рәсімдер де бар. Мәселен, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Мұздалифада түнеу, Арафа тауында тұру. Кіші қажылықта орындалуы тиіс рәсімдер бірнеше сағат ішінде аяқталады, сондықтан умраны «кіші қажылық» деп атаған. Ал, қажылықтың рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 4 күн, 3 түн өтеді. Қажылық пен кіші қажылықтың тағы бір айырмашылығы – уақыт. Баршаға белгілі, үлкен қажылық тек Зул-Хижжа айында жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез келген мезгілінде жасауға болады», - деді Мұхамеджан Естеміров.

Сондай-ақ, имам қажылық пен умраның ислам дініндегі орны да әртүрлі болатындығын жеткізді.

«Қажылық – бес парыздың бірі. Мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылық жасау міндеттелген. Ал умраға келер болсақ, оны орындау – парыз емес, дегенмен, сүннет амалының қатарына жатады», - деді ол.

Мұхамеджан Естеміров қазіргі таңда кейбір адамдар қажылықты саяхат пен мақтанға айналдырып жібергендігін айтады. Тіпті айына бір рет умраға баруды әдет еткендер де бар екен.

«Қажылық – саяхат немесе мақтан емес, Құдайдың алдындағы міндетім, құлшылығым, парызым деп білу керек. «Ел мені қажы деп айтсын» деген ниетпен баратындар да бар. Бұл – дұрыс емес. Қажылыққа алдын ала дайындалып, сабақ алып бару керек. Қазір тойларда қажылық сертификатын сыйлайтындар көбейді. Әрине, бұл игілікті іс шығар, дегенмен Меккеге баратын адамды арнайы дайындықтан өткізу керек. Тағы бір айта кетер мәселе, бүгінгі күні умраға 2 апта сайын барып келіп жатқандарды да көріп жүрміз. Кез келген адам қажылыққа бір рет барып келген соң, келесісінде еңбек адамдарын, студенттерді жіберетін болса, үлкен сауапқа кенелер еді. Меккені көрген еңбек адамының жұмысына деген құштарлығы мен Құдайға деген сенімі нығаяды және бұл игілікті істен сертификат сыйлаушы азамат та мол сауапқа кенеледі», - деді Мұхамеджан Естеміров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары