Дәрігерлер де жас ағзаның ашығуы мен зорығуы созылмалы дертке әкелуі мүмкін екенін айтады.
Ақтөбелік мұғалімдер ата-анадан кәмелеттік жасқа толмаған балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұрады. Ата-аналардың WhatsApp желісіндегі чатында ұстаздардың ескертуі тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Онда ораза ұстау оқу процесіне кедергі екені және оқушылардың үлгерімі мен денсаулығы маңызды екені айтылған.
Оқу процесіне кедергі болуына байланысты оқушылардың ата-аналарымен сөйлесіп, ораза ұстауға болмайтындығын ескертулеріңіз сұралады. Кәмелеттік жасқа толмаған балаға мектеп қабырғасында ораза ұстауға рұқсат жоқ. Оқушының денсаулығы сабақ үстінде күрт нашарлап кету ықтималдығының болуына байланысты, - деген хабарламада.
Бұған қатысты облыстық білім басқармасының басшысы пікір білдірді. Облыстың бас ұстазы баланың ашқарын жүруі оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін екенін алға тартты.
Мектеп оқушылары әлі балиғат жасына толмағанын ескеру қажет. Біздің басты мақсатымыз – оларға сапалы білім беру. Біз ата-аналардың діни ұстанымдарына құрметпен қараймыз, алайда балаларға қатысты қандай да бір еркінен тыс жоралғыларға жол берілмеуге тиіс. Оқушының білім алуы үшін денсаулығы мен зейіні басты назарда болуы қажет, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Дәрігерлер де жас ағзаның ашығуы мен зорығуы созылмалы дертке әкелуі мүмкін екенін айтады. Ал, дін өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Олар балиғат жасқа толған балаларға қарсылық көрсетудің қажеті жоқ деп есептейді.
Ақтөбелік мұғалімдердің бұл дабылына үн қосқан өзге де ұстаздар жетерлік.
Ораза ұстап сабағын оқыса мейлі, сабақ оқымайды, ұйықтап отырады, агрессия көрсетеді, аш жүрген соң көңіл-күйі болмайды, оның үстіне әлсіз боп шаршап жүреді. Оқушыларға ораза ұстауға тыйым салса болмай ма? Олар не үшін ұстап жүргендерін өздері білмейді, - деп жазды тағы бір ұстаз abdulla_kz_kz инстарам парақшасына.
Орыс тілді желі қолданушылары ұстаздың бұл пікірін жаппай қолдай кетті.