Патриот болу дегеніміз не? Осы сұрақ төңірегінде Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі әр түрлі жастағы және қызметтегі адамдар арасында сауалнама жүргізіп көрді. Ондағы пікірлердің сан-алуандығы көпке ой салатыны сөзсіз.
- 24 жастағы жедел жәрдем фельдшері Нұрдәулеттің айтуынша, патриот болу – ел үшін етікпен су кешуге дайын болу. Өйткені оның қызметі күн сайын сондай батыл әрекеттерге баруды талап етеді. Бұл тұста ол қазақ батырларынан үлгі алады екен. Өйткені батырлар үшін кезінде ел үшін жанын беру қалыпты болған. Сол сияқты ауа райының тосын мінезіне қарамай көмекке шақырған науқасқа жету, өз елінің әрбір азаматына жанашырлықпен қарау Нұрдәулет үшін де күнделікті іс.
- Ал шахтада жұмыс істейтін Бауыржан үшін патриот болу – еліңнің дамуына, экономикасына өзіндік үлесіңді қосу. Мамандардың қарсылығына қарамастан 18 жасында әскерге сұранып барған Бауыржан үшін ел мен жердің амандығы, тыныштығы қашан да бірінші орында. Сөзінше, бұл сезімді ол бойына сонау мектеп қабырғасында жүріп сіңірген. Кешегі оқушы апта сайын дәлізде шырқайтын Әнұран қазіргі ел азаматының жадында әлі күнге дейін сақталып, бүгінде туған жерінің экономикасына үлес қосуға күш беріп келеді екен.
- «Тек сол елде туылғаны үшін өз елін өзге елдерден ерекше санау. Национализмге шексіз және қауіпті деңгейде жақындайтын, бірақ қиылыспайтын ұғым». Бұл – өз елін кемшілігіне қарамай, шексіз сүйетін Абылайдың пікірі.
- Студент Арайлымның ойынша, патриот болу – өз еліңді ұмытпау және ұлықтау. Өз Отанын шын жақсы көретін Арайлым болашақта оқуын шетелде жалғастырған жағдайда Қазақстанды әлемнің әр түкпірінде насихаттап, мақтанышпен айтамын дейді.
- Медицина мамандарының пиарымен айналысатын Раушанның сөзінше, патриот болу – елімді сүйемін деп құр кеуде қағу емес. Өзге ұлттарды сыйлап, оларға қазақ ретінде үлгі бола білу де патриот адамның бір белгісі. Бұдан бөлек өз жұмысын шын сүю де патриоттық. Қызметін жақсы көріп оған шын берілген адам жақсы нәтижеге қол жеткізеді және сол арқылы өз еліне пайдасын тигізеді.
- Күн сайын ел мен жердің тыныштығын күзететін Жансырым патриоттықтың не екенін жақсы түсінеді. Полиция қызметкерінің бойында патриоттық сезім болмаса, күнделікті жұмыс процесі ауыр өтеді, дейді. Айтуынша, олар үшін бір қалыпқа келтірілмеген кестеде қызмет ету қай жағынан болсын қиындық тудырады. Әйтсе де Отанға деген кеудедегі жанашырлық сезімінің салмағы барлық ауыртпалықты бір сәтте басып кетеді. Халықтың алғысы мен тыныш ұйқысы оны шын шабыттандырады екен.
Жүргізген сауалнама нәтижесінен еліміздегі әр адам өз жерін өзінше сүйетінін байқауға болады. Отаны туралы осынша махаббатпен сөйлейтін осындай жастар барында еліміз дамудың даңғыл жолынан таймайды. Бүінде ел халқының жиырма пайызын жастар құрайды. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбатты» атты мақаласында, «Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету», дейді. Ал сауалнамаға қатысушы жастардың жоғарыдағы жалынды пікірі Президент сөзінің іске асқан көрінісі десек қателеспейміз.