Дмитрий Попко ширек финалға өту үшін әлемнің 540-ракеткасы, америкалық Алекс Рыбаковты жеңуі керек.
Қазақстандық, әлемнің 250-ракеткасы Дмитрий Попко Мерида (Мексика) челленджер турнирінің екінші айналымына өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Осыған дейін ITF жарыстарында бақ сынаған қазақстандық теннисші енді одан дәрежесі жоғары додада бәйгеге қосылып отыр.
Д.Попко алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 749-орында тұрған аустралиялық Томас Фанкуттың меселін қайырды – 6:4, 7:5.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Попко 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс жасап, 1 брейк-пойнтты мүлт жіберген жоқ.
Дмитрий Попко ширек финалға өту үшін әлемнің 540-ракеткасы, америкалық Алекс Рыбаковты жеңуі керек.
Бір қызығы, Д.Попко А.Рыбаковпен бірге жұптық сында осы жарыста бақ сынайды.
Жүлде қоры 41 мың АҚШ долларына бағаланған Мерида турнирі 24 наурызда мәресіне жетеді. Өткен аптада Дмитрий Попко Фейра-де-Сантанада (Бразилия) чемпион атанған еді. Бұл жолы оның жеңіс сериясы 6 матчқа жетіп отыр.
Қазірдің өзінде Д.Попко ATP Live рейтингісінде 237-сатыға, Денис Евсеев 184-тен 178-ге, Михаил Кукушкин 139-дан 136-ға, Александр Шевченко 58-ден 55-ке, Александр Бублик 18-ден 17-ге жоғарылап тұр.
Егер А.Шевченко мен А.Бублик Майами мастерс турнирінде сәтті ойнаса, рейтингілік көрсеткіштерін жақсарта түсетіні анық.
А.Шевченко 21 наурыз күні рейтингіде 84-орындағы колумбиялық Даниэль-Элаи Галанмен бастапқы кездесуін өткізеді. Жарысты екінші айналымнан бастайтын А.Бубликтің қарсыласы әлі анықтала қойған жоқ.