«Адамды қанау» түсінігі мәжбүрлеу әдістерін кеңейту тұрғысынан халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Негізгі заң жобасына жаңа ұғымдар енгізіліп, кейбір анықтама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Заң нормалары қолданылатын тұлғалар шеңберi айқындалып, уәкiлеттi мемлекеттiк орган құрылады, адам саудасына қарсы күрес субъектiлерi мен олардың құзыретi нақтыланады.
Сонымен қатар адам саудасының тәуекелін бағалау және құрбандарды қайта бағыттау тетігі енгізіледі. Адам саудасы құрбандарының құқықтары, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық негіздері де қарастырылған.
Бұдан бөлек, адам саудасына қатысты қылмыстар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Ілеспе түзетулерде Қылмыстық кодекске жаңа санат – адам саудасымен байланысты қылмыстар енгізіледі. «Адамды қанау» түсінігі мәжбүрлеу әдістерін кеңейту тұрғысынан халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі.
ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам саудасы» 128-бабына өзгертулер енгізіледі. Азаматтарды заңсыз қанауға тартудың кеңейтілген тәсілдерімен адам саудасының анықтамасы кеңейтіледі. Бұл қорқыту немесе күш қолдану, мәжбүрлеудің басқа да түрлері, адам ұрлау, алаяқтық, алдау, пара алу, төлемдер немесе жеңілдіктер арқылы билікті немесе осалдық жағдайын асыра пайдалану. Бұл түсініктеме құқық қорғау органдарына аталған барлық жағдай бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа заң жобасында адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Қылмыстық-процестік кодексі жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу құқығымен толықтырылады. «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңда адам саудасына қатысты жекелеген қылмыстар қамтылған.