20.03.2024, 14:00

«Назарбаевтай құзыретім жоқ»: Мақсат Толықбай басы дауға қалған інісіне қатысты пікір білдірді

adyrna.kz

Бұл жерде мен министрліктің позициясын қолдаймын.

Атышулы "Бірақ..." бағдарламасында жүргізуші болған Самат Толықбайдың ағасы, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай інісінің тележүргізушілік қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы  Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік желіде "Хабар" телеарнасындағы ток-шоуға қатысты қызу пікірталас жүрді. "Бірақ..." бағдарламасының қызметкерлері отбасында зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелге ескертпей, оның бұрынғы күйеуін қонақ ретінде шақырған болатын. Эфирге шыққанына екі күн болған бағдарлама даудан кейін жабылып қалды. 

"Әртүрлі пікірлер айтыла береді ғой. Шатасып қалдыңыздар. Біріншіден, ол - бірнәрсені бүлдіріп қоятындай мектеп оқушысы емес, үш баланың әкесі. Өз іс-әрекетіне өзі жауап береді. Журналист ретінде пікірімді білгіңіз келсе, әрине, мен қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап дұрыс болған жоқ. Бұл жерде дайын сценарийді оқи салды деп те айтуға болмайды. Тәжірибе аз шығар. Ол жерде редактордың да кінәсі бар. Бұл жерде мен министрліктің позициясын қолдаймын. "Бірақ" сияқты "Қалаулым", "Қослайк" бағдарламаларды жабу керек. Осы үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір заң нормасына өзгеріс енгізе алсақ, ол да үлкен жеңіс. Ал енді екінші сұрақ. Ол - мәслихат депутаты. Біздің партияның артынан түскен жоқ, жергілікті тұрғындар өздері ұсынды. Мына бағдарламаға кімді шақырғанын білмеймін. Мен қазір біреуді қызметке қоя алатындай, туған-туыстарымды жұмысқа қоя алатындай бұрынғы Назарбаевтай құзыретім жоқ оған, бар болса да қолданбас едім. Сондықтан әркім өз ісі үшін өзі жауап береді. Мен ініммен сөйлесіп айттым, министрліктің позициясын қолдаймын", - деді депутат.