$ 486.65  524.46  5.05

«Осындай елдің азаматы болғаныңа өкінеді екенсің»: Серікзат Дүйсенғазы сұмдық жағдайдың бетін ашты

Осындай көзбояушылықпен айналысатын шаңғы базасына лицензия берген ұйымның өзін лицензиясынан айыру керек болар.

Фото: Sn.kz коллаж
Фото: Sn.kz коллаж

Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желідегі жазбасында ұлының өліміне қатысты сот процесінің өтіп жатқанын айтты. Тіпті ұлының өлімінен кейін  демалыс паркіндегі сұмдық жағдайды баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әдебиет өкілінің айтуынша, аталған демалыс орнында адам өлімі тіркелген жалғыз жайт емес. Одан кейін елімізде демалыс парктерін бақылайтын орган да жоқтың қасы көрінеді.

Марқұм балам Әлиханның қайғылы жағдайына байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Өткен аптада «Елікті Парк» шаңғы базасына барып, оқиға орнында көшпелі сот отырысы өтті. Соттың шешімі шықпаған соң ол жайында бірдеңе деуге әлі ерте. Ал бір жарым жыл уақыт өтсе де жұмысын тоқтатпай жалғастырып жатқан «Елікті Парк» шаңғы базасының оқиғадан еш қорытынды шығармағаны мені алаңдатып отыр. Әлиханнан кейін тағы екі әйел адам соғылса да жұмысының дұрысын дәлелдеп, заңнан да, қоғамнан да қаймықпайтын сыңай танытып отыр. Тіпті сотталмайтындарына да сенімді сияқты, – деп күйінді ақын.

Сонымен қатар, қайғыдан қан жұтқан әке заңы әлсіз елдің азаматы болғанына өкінетін де жасырмады.

Адам түсінбейтін сұмдықтарға тап болғанда қанша патриот болсаң да осындай елде туып, осындай елдің азаматы болғаныңа өкінеді екенсің. Әр азаматының өмірін қорғауға кепілдік берген Үкіметіміз қайда? Заңымыз қайда? Осындай ынсапсыз байлардың бизнесін ғана қорғайтын биліктен бізге не пайда бар? Әлиханнан кейін әйелдердің бірі соғылған темір бағандарға матрас орап тастапты. Бұл қай жерден алынған стандарт? Қатты кеп соғылған адамға матрас қорған болады деп кім айтты екен бұл жазғандарға? Әлемдік стандарт бойынша ол жерлерге сетка немесе жұмсақ пласмассадан жасалған қорғаншалар қойылушы еді ғой. Осындай көзбояушылықпен айналысатын шаңғы базасына лицензия берген ұйымның өзін лицензиясынан айыру керек болар. Маған былтырдан бері әлеуметтік желі арқылы қанша адам хабарласты. Бірінің баласы, бірінің бауыры, бірінің қарындасы осындай жағдайдан қайтыс болған. Олардың ешқайсының ісі сотқа жетпеген. Барлығын тергеу кезінде «несчастный случай» деп жауып тастап отырған. Әлиханның ісі сотқа дейін жеткен алғашқы іс екен. Оның өзі менің шырылдап, әр есікті бір қағып, әр табалдырықтарды тоздыруыммен жүзеге асқан шаруа. Әйтпесе, біз де солардың кебін киеді екенбіз, – деп жазды ақын Іnstagram-дағы парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары