21.03.2024, 23:30

Маңғыстау облысы: Наурыз мерекесінде 10 пәтердің кілті табысталды

Фото: Pixabay

Аталған баспаналар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға,  әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға, көп балалы отбасыларға беріліп отыр. 

Маңғыстауда Наурыз мейрамы қарсаңында Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев аудан тұрғындарына 10 пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Пәтерлер Маңғыстау ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан. Берілген жаңа пәтерлерде толықтай жөндеу жұмыстары өткізіліп, барлық коммуникация желілерімен толық қамтылған. 

Аталған баспаналар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға,  әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға, көп балалы отбасыларға беріліп отыр. 

Барша баспана иелерін шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа құт, береке кірсін! Сіздер бұл күнді көп күттіңіздер! Наурыз Мейрамы құтты болсын, - деді аудан әкімі Ержан Күмісқалиев. 

Отбасыларды тұрғын үймен қолдаудың кешенді жоспары әлі де жалғаспақ.