23.03.2024, 00:30

Ұлытау облысында жылқылар аштан қырылып қалған (ВИДЕО)

Фото: facebook.com/Ерлан Төлеутай

Өткен күзде облыста мал азығын дайындау үшін шаруаларға 1,4 млрд субсидия берілген.

Ұлытауда тебінсіз қалып қырылған жылқы өлекселері далада шашылып жатыр. Ақпан айы шаруаларға жайсыз тиді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Қалың қардың арты жылымыққа ұласып, жердің беті мұз құрсанған. Тебіндеу қиындап қылқұйрықтылар азық таппай аштан қырылған. Егер жазғытұрым жатып қалса түрлі инфекциялық аурулар тарауы мүмкін",- деп алаңдайды көпшілік. 

Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласы тұсыннан жалпы саны 70-ке жуық жылқының өлексесі табылған. Дегенмен оларды кімнің малы екенін анықтау мүмкін болмай отыр. Себебі ветеринариялық базаға тіркелмеген.

Өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар келді. Ведомство өкілдері жылқылар "жем-шөптің аздығынан өлген жоқ" дейді. 

Өткен күзде облыста мал азығын дайындау үшін шаруаларға 1,4 млрд субсидия берілген. Дегенмен тұрғындар жем-шөпке министрлік тарапынан шекті баға бекітілгені жөн деп есептейді.

Жұт айтып келмейді. Алайда өңірде мал басын сақтандыруға бөлінген 50 млн теңге де игерілмеген. Тіпті бірде-бір бас мал сақтандырылмаған.

Күні кеше облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жаңаарқа өңірінің диқандарымен кездесті. Ол наурыз айының соңына дейін ауыл әкімдері мен мал дәрігерлері өлген жылқылардың нақты санын анықтайды деп сендірді.

"Қолдау шаралары өлген жануарлардың түпкілікті санағыннан кейін көрсетіледі. Өңірдегі малдың қырылуы бәрімізге сабақ болуы тиіс", - деді әкім.

Ол өткен жылы облысқа бөлінген 1,4 миллиард теңге субсидияның 749 миллионын Жаңаарқа ауданының шаруалары алғанын еске салды. Бұл қаржы 2023-2024 жылдардағы қысқы мал азығын алуға нақты бөлінді.

Әкім малшыларды мал басын есепке алудан қашпауға шақырды. Біріншісі қаражатты есепке алуға көмектессе, екіншісі жоғалған малды қайтаруға көмектеседі.

Қазіргі уақытта өлген малдың 968 өлексесі анықталды.