$ 494.87  520.65  4.91

Әскери-патриоттық тәрбие: жастар жүрегіне қайтсек жалын жағамыз?

Ел жастарының кеудесіне елге деген сүйіспеншілік шамын жақса, олардың мемлекетіміз үшін атқарар істері де адал әрі әділ болмақ. 

Фото: elana.kz
Фото: elana.kz

Ел тұрғындарының патриоттық санасының өсу деңгейі өз кезегінде бірнеше факторды құрайды. Ол факторларға ел халқының әлеуметтік жағдайының өсуі, еңбекке араласуының артуы және жастарымыздың қоғамдық шараларға қатысып, мемлекетте болып жатқан өзгерістерге араласуы, өз қызметіне шын кірісіп қабілетін әрі қарай шыңдауға қосатын үлесі және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жалпы қауіпсіздігіміз кіреді.

«Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын даярлаушылар, кураторлар, оны іске асырушылар келер жылға дейін жоғарыда атап айтылған жұмыстардың жемісін алуды мақсат етіп отыр. Жылдың басында бағдарламаны даярлаушылар жүргізілген жұмыстың қорытындысын шығарды. Ендігі міндет екінші кезеңге өту.

Қазіргі таңда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы оларға көп нәрсенің мәнін ұғындыруға болады. Осыған орай орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктер жастардың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыруды, Отанға деген адалдық сезімін арттыруды, оларды тұлға ретінде дамытудағы өздері атқаратын жан-жақты, жүйелі, мақсатты және үйлестірілген қызметті жақсы түсінеді. Ел жастарының кеудесіне елге деген сүйіспеншілік шамын жақса, олардың мемлекетіміз үшін атқарар істері де адал әрі әділ болмақ. Азаматтық борышын орындаудан ешқашан қашпау, ел мүддесін қорғаудағы аса маңызды конституциялық міндеттерді орындау, өз жерін қорғай білу, әскери тарихты терең түсіну, әскери дәстүрлерді сақтау және жетілдіру мұның барлығы жоғарыда атап өткен әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдаламасының саясына кіреді.

Сондықтан бағдарлама мақсаты, бірінші кезекте білім беретін ұйымдардың, ақсақалдардың,  жас буынның, барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің және қоғамдық бірлестіктердің қызметін ортақ іске жұмылдыруда жатыр. Жоғарыда атап айтылған үдерістердің бойына қан жүгірту үшін патриотизмге баулудың барлық шараларын іске асыруға ел болып ат салысуымыз қажет.

Ол үшін ең алдымен жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін ғылыми-әдістемелік материалдардың саны мен сапасын көтеру көзделіп отыр. Атап айтқанда, осы салада басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін әдістемелік әзірлемелердің санын арттырып, оны практикада қолдану үшін қолда бар тәжірибені кеңейте отырып іс атқару күн тәртібінде тұр. Бұдан бөлек, өз ісінің майталмандары мен тәлімгерлер қауымын, сондай-ақ әскери саланың жай-күйін білетін және патриотизмді арттыратын жобаларға кәсіптік тұрғыдан баға бере алатын аналитиктер қауымдастығын жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Екіншіден, мақсат-мүддесі ортақ ведомстволардың өзара тәжірбие алмасуын және өткізілетін шаралар аясында әріптестік қарым-қатынасты нығайту үшін бірнеше жұмыс жүргізілмек. Осылайша өскелең ұрпақ ел тарихынан хабардар болып, олардың әскери тарихты білуге деген ұмтылысы артады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерінің негізіне айналған оқиғалар туралы терең білімі бар азаматтардың санын арттыру, сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие берудегі білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру міндеті тұр. 

Атқарылған және әлі де атқарылатын жұмыстың барлығы өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздер мен елдің тарихи ескерткіштеріне деген мақтаныш, құрмет пен қастерлеу сезімін қалыптастыруы тиіс. Сол үшін де әскери-патриоттық тәрбие берудің алатын орны орасан. Мемлекет басшысы Бүкілармиялық кеңесте жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу қажет екенін алға тартқаны баршамыздың есімізде. Президенттің сөзінше, өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет. Ендеше ел болып мемлекетімізді алға сүйреу мақсатында өз Отанымыздың нағыз жанашырына айналуға бірге жұмыстанайық.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары