29 наурызда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты, мәдени бағдарламасы бар этноауыл, сондай-ақ көрнекті әртістердің қатысуымен өтетін үлкен гала-концерт болады.
Бүгін Бейжіңде салтанатты жағдайда Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
28-29 наурызда Бейжіңде екі ел өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Іс-шараның бірінші күні Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.
Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз, – деді министр.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Ол Қазақстандағы әр бағыттың әлеуеті туралы айта келе, форумға қатысушыларды биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды. Оның айтуынша, биылғы жылға олардың 35-тен астамы жоспарланған.
Туризм және инвестициялық форумда «Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері» мен «Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер» деген тақырыпта отырыс болды.
Кездесуде қытайлық саяхатшылар үшін ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері мен Қазақстан-Қытайдың инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды.
Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алды.
Форум соңында қазақстандық және қытайлық тараптар арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Ертең, 29 наурызда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты, мәдени бағдарламасы бар этноауыл, сондай-ақ көрнекті әртістердің қатысуымен өтетін үлкен гала-концерт болады.