Оларға 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шымкент қаласы аудан әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы сайты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен алдын алу мақсатында сот органдарымен өзара келісімге қол жеткізу арқылы жемқорлыққа айыпталған мемлекеттік қызметшілердің ұжымдары сот отырыстарына қатысады.
2024 жылдың 1 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталғандардың бұрынғы әріптестерінің қатысуымен Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е. Тіленшинге, осы әкімдіктің бас маманы А. Балқыбековке, сондай-ақ мердігер ұйымның өкілі А. Манатқа қатысты үкім жариялады.
Аталған адамдарға тиісінше 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Олар алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында мегаполисті абаттандыру жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт шеңберінде, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қамқоршылық жасағаны үшін кәсіпкерден 60 млн теңге мөлшерінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сондай-ақ, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.