Биыл отандастарымыздың арасындағы ең бай адам атағын Вячаслав Ким алды.
Америкалық Forbes журналы дәстүрлі түрде әлемдегі миллардерлердің тізімін жариялады. Аталмыш тізімге алты қазақстандық кірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Forbes журналының мәліметінше, биыл да осыдан бір жыл бұрынғы тізімдегі алты адамның есімі қайта жарияланды. Вячеслав Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Владимир Ким, Тимур Турлов және Болат Өтемұратов 2024 жылы да ең бай қазақстандықтар атанды. Алайда аталған алты қазақстандық бай адамдардың арасындағы “көшбасшы” өзгерген.
Биыл отандастарымыздың арасындағы ең бай адам атағын Вячаслав Ким алды. Долларлық миллиардерлердің әлемдік рейтингінде ол 787-ші орыннан 511-орынға көтерілді. Forbes Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимнің байлығын 2024 жылы 5,8 миллиард долларға (бір жыл бұрын 3,6 миллиард доллар) бағалады. Еске салайық, Вячеслав Кимнің серіктесі Михаил Ломтадзе аталмыш тізімде 581-ші орынға тұрақтады. Грузия азаматы Ломтадзенің биылғы байлығы 5,3 миллиард долларға бағаланып отыр.
Ең бай адамдардың қазақстандықтар арасындағы тізімінде екінші және үшінші орынды “Алмэкс” холдинг тобының басшысы және тең иесі Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Құлыбаева иеленеді.Рейтингте олар 612-орынға жайғасты. Былтыр ерлі-зайыпты 636-орында еді. Құлыбаевтардың əрқайсысының дəулеті 5 миллиард долларға бағаланады. Бұл екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғаенда 1,4 миллиард долларға көп.
“KAZ Minerals” акционері Владимир Ким өткен жылы ең бай қазақстандықтардың тізімінде көш бастап тұрды. Алайда биыл 4-орынға түсіп қалды. Forbes мәліметінше, бір жыл ішінде оның материалдық жағдайы 4,6 миллиард доллардан 3,6 долларға дейін азайған. Ал әлемдік рейтинг бойынша ол 591-орыннан 896-шы орынға түсті.
“Freedom Holding” негізін қалаушы Тимур Турлов қазақстандық бай адамдардың арасында бесінші орында. Оның байлығы бір жыл ішінде 3,1-ден 3,3 миллиард долларға дейін өсті. Алайда жаһандық рейтингте 949-орыннан 991-орынға түсті.
Миллиардер, “Forte Bank-тің” тең иесі Болат Өтемұратовқа келер болса, оның жағдайы тұрақты. Оның дәулетінде еш өзгеріс жоқ. Миллардердің байлығы 2,7 миллиард долларға бағаланады. Алайда бір жыл ішіндеБолат Өтемұратов Forbes-тің рейтингінде 1104-тен 1238-ші орынға жайғасты.
Алты қазақстандық миллиардердің жалпы байлығы 2024 жылы 25,4 миллиард долларға бағаланады.
Әлемдік рейтингтің көшбасшыларына келетін болсақ, екінші жыл қатарынан “Louis Vuitton Moët Hennessy” компаниялар тобының президенті және бас директоры Бернар Арно әлемдегі ең бай миллиардер атанды. Бір жыл ішінде ол 22 миллиард долларға байып, қазір дәулеті 233 миллиард долларға жетті.
Екінші орынға SpaceX негізін қалаушы, Tesla компаниясының бас директоры және X (Twitter) иесі Илон Маск тұрақтады. Оның байлығы бір жыл бұрынғы 180 миллиардтан 195 миллиард долларға өсті.
Тізімдегі үшінші орынды Джефф Безос иеленді. Forbes Amazon интернет-дүкенінің негізін қалаушының байлығын өткен жылғы рейтингтегі 114 миллиард доллармен салыстырғанда 194 миллиард долларға бағалады.
Әлемдік тізімге енген 20 миллиардердің байлығы 2,48 триллион долларға бағаланады.