03.04.2024, 22:30

Бишімбаев бейнежазбаларды неліктен өшірткенін айтты

Фото: видеодағы кадрдан алынды

Барлығы камераға түсіп қалған. 

Астанада Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасты. Бүгінгі сот отырысы барысында айыптаушы тарап Салтанат Нүкенованың өлімінен аз уақыт бұрын «BAU» ресторанындағы бақылау камераларының жазбаларын көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сотта Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні түсірілген жазбаларды не үшін өшірткенін түсіндірді.

«Мен одан бейнекамералардағы жазбаларды өшіруін өтіндім. Кісі өлтіргенімді жасырғаным үшін емес. Ол кезде Салтанат тірі еді. Telegram каналдың не екенін өзіңіз де білесіз... Кез келген күзетші көшіріп алып, басқа біреуге жіберуі мүмкін. Мен мұны қалаған жоқпын. Біз көшеде тұрған кезде белсенді сөйлескеніміз анық көрінді, киім ауыстыратын бөлмеде болдық, барлығы камераға жазылған. Оған соққы жасаған сәт те сонда бар», – деді экс-министр.

Әлгі видеоларда Бишімбаевпен оңаша сөйлескеннен кейін Нүкенованың бетінің көгергені байқалады.

Кадрлардан Бишімбаев пен Нүкенованың көшеде сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Олар гастроцентрге бірнеше рет кіріп-шыққан.