07.04.2024, 19:30

Иран Израильге ядролық шабуыл жасай ма?

Фото: Pixabay

Тегеран шығарған ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар, ирандық әскерилер бір жыл бұрын айтқандай, «Тель-Авивті жермен жексен етіп жібере алады».

Израиль билігі Иран Ислам Республикасы тарапынан жасалатын шабуылға дайындық үстінде. Соңғы күндері Таяу Шығыста орын алған қым-қиғаш жағдайға қатысты Skifnews.kz ақпарат порталы шолу дайындады.

Израиль әуе күштері 1 сәуір күні кешке Сириядағы Шам қаласына шабуыл жасады. Иран мен Сирия билігінің мәлімдеуінше, зымырандар Араб республикасындағы Иран консулдығы ғимаратын толығымен қиратқан.

Ал Израиль билігі әуе шабуылының негізгі нысанасы елшіліктің жанында орналасқан дипломатиялық мәртебесі жоқ ғимарат екендігін айтып, ақталды.

Шабуылдан елшіліктегі 13 адам қаза тапты, оның ішінде Сыртқы істер қорғаныс комитетінің бес офицері мен екі генералы – Сирия мен Ливандағы таңдаулы Құдс күштерінің қолбасшысы Мұхаммад Реза Захеди мен оның орынбасары Мұхаммад Хади Хаджи Рахими, сондай-ақ Ливандағы ираншыл «Хизбулла» тобының мүшесі Хүсейін Юсуф қаза тапты. Сарапшылар Иран үшін Захедидің өлімін 2020 жылғы АҚШ-тың Ирактағы әуе шабуылы нәтижесінде қайтыс болған генерал Қасым Сүлейманиден кейінгі ең бір орны толмас қаза деп бағалады.

Бұл жағдайдан кеін Тегеран бірден жауап қатып, шабуылға міндетті түрде жауап қайтаратынын ескертті. Бірақ жауап ретінде қандай шара қолданатынын нақтыламады.

Washington Post басылымы Израиль соңғы жарты жыл ішінде Иран нысандарына жүйелі түрде шабуылдап жүрсе де, елшілікке жасалған дәл осы әуе шабуылын Тегеран өзіне сес көрсету үшін жасалған дөңайбат деп қабылдағанын атап өтеді.

Сәуірдің 4-і күні Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи X әлеуметтік желісінде иврит тілінде хабарлама жариялап, «сионистердің» «қылмыстық агрессиялары» үшін әлі-ақ өкінетіндеріне уәде берді.

Мұны естіген Израиль билігі деп қарап жатпады. Израильдің қорғаныс күштері әскер қатарына резервтегі қосымша күштерін, соның ішінде «Темір күмбез» әуе қорғаныс жүйесінің операторларын шақырып,  барлық әскерилердің демалысын уақытша тоқтатты.

Израиль Қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Дәниел Хагари барлық әскери бөлімдердің қақтығысқа дайындығы күшейтілгенін хабарлады. «Бізде қорғанысқа да, шабуылға да дайын ұшақтар бар», - деді ол. - Қорғаныс күштерінің бөлімдері Израильдің  барлық шекарасына орналастырылған және кез келген сценарийге дайын.

Ал Премьер-министр Биньямин Нетаньяху 4 сәуір күні Израильдің Иранның қандай болмасын шабуылына төтеп беруге, әрі қарсылық көрсетуге дайын екенін ескертті.

«Біз өзімізді қорғай аламыз  және кім бізге зиян тигізер болса немесе зиян тигізуге ұмтылса, онда біз де аянып қалмаспыз, «қанға – қан, жанға – жан» деген негізгі қағидаға сәйкес әрекет етеміз», - деді ол үкімет отырысында.

Иран Израильге ядролық шабуыл жасай ма?

Алманияның жаһандық және аймақтық зерттеулер институтының сарапшысы Сара Базубандидің айтуынша, Иран тікелей қақтығысқа көшпейді. Тегеран өзі қолдайтын үкіметтік емес ұйымдарды пайдаланады.

«Иран ұзақ уақыттан бері Хамастың демеушісі. Олардың дайындық жұмыстарын қаржыландыру, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету және қару-жарақ контрабандасы бойынша негізгі көмекшісі.

Иран прокси соғыстарын* жасаудың және жүргізудің хас шебері. Олар аймақтағы «қарсылық өсін*» дамытуға қаржы, әскери және технологиялық ресурстарын құйып отыр. Иран-Ирак соғысынан кейін Иран ешкіммен тікелей бетпе-бет келмеуге тырысады,  яғни ашықтан ашық қарсыласудан қашады. Сондықтан «қарсылық өсінің» құрылуы мен кеңеюіне инвестиция салып отыр».

Сарапшы Иран Сыртқы істер министрі өз мәлімдемелерінде «қарсыласу осінің реакциясын» меңзегенін атап өтеді.

Иран тек ХАМАС-ты ғана емес, сонымен қатар Израильге қарсы идеологияға негізделген басқа  да топтарды – Ливандағы шииттік «Хизбулла» қозғалысынан Газа секторы мен Сириядағы сунниттік исламдық жиһадқа дейін қолдайды дейді сарапшы.

«Негізгі қауіп - Иранның Ливандағы одақтастарынан, әсіресе «Хизбулладан»келуі ықтимал. Иран оларды  Израильдің  солтүстігінен жаңа майдан ашуға итермелеуі мүмкін», - деді Халықаралық дағдарыс тобының Иран бағдарламасының директоры Али Ваез Financial Times басылымына.

Таяу Шығыста жаңа үлкен соғыс бастала ма?

«Менің ойымша, біз Таяу Шығыстағы үлкен соғыстың қарсаңында болуымыз әбден мүмкін. Израильдің Газадағы құрлық операциясынан кейін аймақта үстемдік құруға кім дайын? Бұл Иран, Хизбулла немесе Йемендік хуситтер болуы мүмкін. Яғни біз Таяу Шығыс аймағының заманауи тарихында өте қауіпті кезеңде тұрмыз», - деп атап өтті Сара Базубанди.

Сарапшы Иранның өзінде Израильге тікелей шабуыл жасау мүмкіндігі бар екенін еске салады. Тегеран шығарған ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар, ирандық әскерилер бір жыл бұрын айтқандай, «Тель-Авивті жермен жексен етіп жібере алады». Ислам Республикасы зымырандық технологиялар мен ұшқышсыз жүйелерді белсенді түрде дамытуда.

Базубандидің айтуынша, аймақта тағы бір үлкен дағдарыс болғанын ешкім қаламайды, бірақ жағдай қиын және кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.

 

*Прокси-соғыс  – басқалардың қолымен соғысу; үшінші елдің ресурстарын пайдалана отырып, сол үшінші елдегі ішкі жанжалды шешу желеуімен өз мақсаттарына жетуге тырысатын екі ел арасындағы халықаралық қақтығыс (Карл Дойч берген классикалық анықтама 1964 жыл).

*Қарсылық өсі (ось сопротивления) - Израильге және Батысқа қарсы бейресми саяси және әскери коалицияның атауы. Коалицияның құрамына Иран, Палестина, Сирия Араб Республикасы және Ливандағы әртүрлі лаңкестік топтар кіреді.