Орал қаласындағы Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті алты учаскеде ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынып жатыр.
Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі Орал қаласымен қоса, 94 елді мекенге қауіп төндіреді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, БҚО-да су тасқыны басталғалы бері 3700-ге жуық тұрғын эвакуациялық орталықтарға орналастырылды. Соның 2700-ге жуығы үйіне оралды.
«Облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бір реттік төлемдер жасалды. Алдағы уақытта төлемдер жалғасатын болады. Алдыңғы күні Ресей Федерациясының Ирикла су қоймасынан секундына 2 170 текше метр су жіберіліп жатса, кеше 1 670 текше метрге түсті. Соған қарамастан, жағдай күрделі. Орал қаласы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге дейін көтерілді. Бұл Орал қаласына ғана емес, өзен бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 94 елді мекеніне қауіп төндіреді. Облыста су тасқыны зардаптарын азайту үшін қажетті ресурстар жұмылдырылды. Орал қаласындағы Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті алты учаскеде ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынып жатыр. Басқа да аудандарда қауіпсіздік шаралары атқарылуда. Жалпы су тасқыны бойынша ахуал жедел штабтың бақылауында», - деді Премьер-министрінің орынбасары.