Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толып, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Жағдай тұрақты.
Елді мекендерді су тасқынынан қорғау және тасқын суын жинау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі 20 су қоймасын салады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жаңа су қоймалары 11 облыста салынады.
Бес су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың гектар суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді.
Су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұжырымдамаға су тасқынының алдын алу және еріген қар суын жинап, оны одан әрі ауыл шаруашылығында және басқа да мақсаттарға пайдалану жөнінде іс-шаралар енгізіледі.
Су қоймаларындағы қазіргі жағдайға келетін болсақ, дәл осы сағатта:
Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, өңірдегі екі ірі су қоймасы 92% су жинады.
Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды. С тасқыны жалғасып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 70%-ға толды. Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 15-20 сәуірде келеді деп күтіліп отыр. Облыста министрліктің және облыс әкімдігінің мамандары бірлесіп су өткізуді реттеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көлемі – 84,8%. Өңірде су тасқыны басталды, сондықтан Ертіс су қоймалары бойынша су жіберіліп жатыр.
Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99% су жинады. Өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті, бірақ Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып келеді. Сондықтан Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқыны қаупі бар. Министрлік, өңір әкімдігі және ТЖД қауіптің алдын алу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 97%-ға толды. Өңірдегі жағдай тұрақты.
Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толып, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Жағдай тұрақты.
Қазақстандағы барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр.