$ 494.87  520.65  4.91

«Көмек тек қаржымен емес, пайдалы ақпаратпен де өлшенеді»: Саясаттанушы блогерлерді сынға алды

Әр адам қаржы аударғысы келсе, арнайы ашылған «Biz Birgemiz» қорына аударсын.

Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Саясаттанушы Асхат Қасенғали өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында су тасқынына көмек көрсетеміз деп халықтан ақша жинап жүрген блогерлер жайында ойымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Асхат Қасенғали блогерлер қаржы жинағаннан гөрі пайдалы ақпарат таратқаны халыққа көбірек тиімді болатынын алға тартты.

Тасқын суда қазаққа жақсылық ойлайтындардың кім екенін көріп жатырмыз деп ойлаймын. Дағыстандық жігітті көрдіңіздер ғой. Атырауға алыстағы Дағыстаннан 50 мың қап алып келіпті. Сол үшін түн жарымда досының қоймасын ашып, қап тиепті. Аштархан асып, Атырауға жетіпті. Әрине алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Одан бөлек Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақ ағайынға да ақжарма тілегіміз дайын. «Көмек сұрамаса да көмектесу міндетіміз» деген сөздің өзі неге тұрады? Тебіреніп кеттім.

Түркия хат жолдады, Әзербайжан елшілігі көмек жіберді, Өзбекстан қол ұшын созуға дайынбыз дейді. Түркілердің кейбірінен жылы сөз естіп, кейбірінен көмек келіп жатыр. Ал солтүстіктегі көршіміз «жерімізді су басуына Қазақстанның қатысы бар» деп бізді кінәлай сөйлеп қалғаны бар. Еее де...

Қазақтың атын әлемге әйгілеп жүрген Димашжанның өзі 15 млн теңгесін аударыпты. Міне, азамат! Басқа да жандар жұмылып жатыр. Анау көп беріпті, мынау аз беріпті дейтін сәт емес. Қайырымдылық жасаудан жарыс болып жатқан жоқ. Бастысы ниет, шынайы көңілде, еліне деген жанашырлығында.

Қазір блогерлер арасында да қайырымдылық мақсатында сбор ашып жатқандар көп. Бірінің аудиториясы 100 мың адам, бірінің аудиториясы 500 мың адам, енді бірінікі бірнеше миллион адамды құрайды. Ол сборға ақша аударатындар қарапайым халық. Бірақ кімге қанша қаржы түсті, барлық аударым жетер жеріне жетіп жатыр ма, ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан бұндай ақша жинауды тоқтатқан жөн болар. Әр адам қаржы аударғысы келсе, арнайы ашылған «Biz Birgemiz» қорына аударсын. «Каспи» қосымшасына кіріп, аудара бересің. Бітті. Ал елден ақша жинап алған блогерлер жиналған қаражатқа есеп бергендері дұрыс болар. Ниеттерін теріс демеймін, дегенмен ашықтық қажет қой.

Блогерлер негізі сбор ашудан бөлек, «Халық көмек сұрау үшін қайда және қалай хабарласуы тиіс», «өтемақы алу бойынша сұрақтар», «Шығынды қалай есептейді», «Еріктілер штабына бару, еріктілер қатарына қосылу жолдары» және басқа ақпараттарды беріп отырса тіпті жақсы болар еді. Әрине ақпарат нақты, тексерілген болуы қажет. Аудиториясы үлкен болғандықтан пайдалы ақпаратты тарату мүмкіндіктері де жоғары. Қазір халықтың көбі телеарналарды қарамайды, күні-түні блогер аңдып отырғандары да жетерлік. Сондықтан да блогерлер өз мүмкіндіктерін пайдаланудың дер кезі ғой.

Мемлекет үйді салып береміз, мал шығынын өтеп береміз деді. Жалпы шығынды өтейміз деді. Енді осы әрекеттер қалай іске асады? Комиссия қашан құрылады? Ол комиссия қалай жұмыс істейді? Шығын қалай есептеледі? Осы сұрақтар қазір су басқан аймақтың халқын алаңдатып отыр. 4 мыңнан астам үй су астында қалды, қырылған мал саны 9 мыңға жуық. Осы шығындарды өтеу қашан басталады? Сол себепті осы сұрақтарға қатысты нақты жауаптармен ақпарат берсе, млндаған аудиториясы бар блогерлер мәліметті жұртқа тез жеткізе алар еді. Көмек тек қана қаржымен, гуманитарлық жүкпен емес, пайдалы, нақты ақпаратпен де өлшенетінін ұмытпаған абзал деп санаймын. "Балық берме, қармақ бер" деген бұл жерге келе ме, жоқ па білмедім. Бірақ "пайдалы ақпарат бер" деп қорытындылауға әдемі ұйқасып тұр екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары