11.08.2014, 04:40

Астанада 626 жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады

Сурет: astana.kz

Астанада ағымдағы жылы шілде айында 626 жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады. Іске кіріскен кәсіпкерлердің 51% «Алматы» ауданында, 28,1% «Сарыарқа» ауданында, 20,5% «Есіл» ауданында орналасқан, деп хабарлайды skifnews.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтының хабарынша, жаңа заңды тұлғалардың 609-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ал 5-еуі қоғамдық бірлестік пен қор, тағы 5-еуі түрлі мекеме, 4-еуі тұтынушы кооперативі, 2-еуі акционерлік қоғам және 1-еуі бірлестік ретінде тіркелген.

Осылайша, Астанада қызмет көрсететін шағын және орта бизнес кәсіпорындар саны қарқынды өсуде. Себебі ағымдағы жылдың шілде айының басында олардың саны 51 076 болған. Жаңа кәсіпкерліктің басым бөлігі құрылыс, сауда және қызмет көрсету саласына бағытталса, ең аз бөлігі қаржы және сақтандыру, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді.