19.04.2024, 12:00

Елден алтынды заңсыз шығарған күдікті Түркиядан ұсталды

Фото: polisia.kz

Ол экономикалық контрабанда жасағаны үшін іздеуде жүрген еді.

Экономикалық контрабанда жасаған күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ІІМ-нің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан ІІМ Интерпол ҰОБ-ның сұрауы бойынша түрік әріптестерімен бірлескен әрекет барысында және ҰҚК мен ҚР Елшілігінің қолдауымен “қызыл бюллетень” бойынша халықаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды.

Ол экономикалық контрабанда жасағаны үшін іздеуде жүрген еді. Өзінің заңсыз іс-әрекеттерімен 56 млн теңгеден астам сомаға залал келтірді.

Белгілі болғандай, 2017 жылы күдікті және басқа да адамдар Қазақстан Республикасының аумағынан Түркия Республикасына бағалы металл – алтынды заңсыз әкеткен.

Қазіргі таңда ер адам депортацияланып, Алматыда қамауға алынды. Ер адам көліктегі полиция департаментінің бастамасымен ұсталды.