$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады

25 жасқа толмаған қазақстандықтарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Бүгін Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша Заң жобасына енгізілетін өзгерістерді  бірінші оқылымда талқылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәжіліс ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірленді. Оған депутаттар бастамашы болды.

Ойын бизнесі мәселелері туралы заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казиноларды ғимараттардың, құрылыстардың қоршауларында және көлік құралдарының сыртқы жарнамасында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді басылымдарда, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады.

Дегенмен букмекерлік кеңсенің және тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спорттық бағыттағы теле, радиоарналар мен интернет-ресурстарда жарнамалауға рұқсат етіледі.

Лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен лотереялардың интернет-ресурстарына да тыйым салынады. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жасалады. Бұл ретте банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына операциялар жүргізуге тыйым салынады.

25 жасқа толмаған қазақстандықтарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.

Заң жобасы бойынша жеке тұлғалардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу жасы 21-ден 25 жасқа көтеріледі. Сонымен қатар алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтардың, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салынады.

Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойындар мен бәс тігудің тәуекелдері мен зияны туралы хабарлауға міндеттеледі. Мұндай ақпарат ойын мекемелерінде, ғимараттарда, билет кассаларында және букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың электронды кассаларында, казино кассалары мен ойын автоматтары залдарында, сондай-ақ өздерінің интернет-ресурстарында орналастырылуы тиіс. Талаптарды орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары