$ 494.87  520.65  4.91

«Түбінде Олимпиадаға барарымды білдім»: Қазақстан командасы тағы 3 жолдама алды

Жолдама алмаған балуандардың мәселесі бапкерлер кеңесінде шешіледі.

Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы Париж Олимпиадасының жолдамалар санын төртке жеткізді. Қазіргі таңда Юрий Мельниченко шәкірттері алты олимпиадалық салмақтың төртеуінде лицензия иеленіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҰҚК-тің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бішкекте (Қырғызстан) аяқталған Азия аймақтық іріктеу турнирінде Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) жеңімпаз атанды.

Бұл Демеудің екінші, Әлімхан мен Айдостың тұңғыш Олимпиадасы болмақ.

Қырғызстан астанасы Бішкек Азия чемпионатының ізін ала, Азия аймақтық лицензиялық турнирді қабылдады. Бұл сында грек-рим күресінің шеберлері үш салмақта жолдама алса, 67 және 97  келідегі балуандар өз міндетін орындай алмады. 97 келідегі Олжас Сырлыбайдың деңгейі әу бастан белгілі-тін. Ал Мейіржан Шермаханбеттің жартылай финалдағы жеңілісін жанкүйерлер ауыр қабылдады.

Әзірге, 67 келі салмақтың мәселесі ашық қалды. Бапкерлердің бұл салмақта Стамбулдағы соңғы сынға кімді апаратыны 24 сәуірде басталатын оқу-жаттығу жиынында белгілі болмақ.

60  келідегі Айдос Сұлтанғали үшін Париж ойындары өз мансабындағы тұңғыш Олимпиада болмақ. Ересектер арасындағы ең ірі жүлдесін 2018 жылдан бастап алса да, Айдостың төртжылдық додасына жолы түскен жоқ. 2021 жылы Азия чемпионатында топ жарғанына қарамастан, Токио ойындарына Мейрамбек Айнағұлов аттанған болатын. Арада үш жыл өткенде Айдос Олимпиадаға бару құқығын тағы да маңдай термен жеңіп алды.

«Күресіп жүргеніме қанша жыл болса да, түбі Олимпиадаға баратыныма шын сенетінмін. Бұл менің ғана емес, бүкіл командадағы бапкерлердің, массажшы мен дәрігердің, ата-анам мен отбасымның еңбегі. Біз ғой, халық алдында жүреміз. Ал артымызда бізді қолдап отырған жандардың еңбегі көріне бермейді. Сол кісілерге рахмет!», - дейді Айдос жеңістен соң.

Айдос Сұлтанғали әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері екенін де ұмытпаған жөн.

Демеу Жадыраев Токио қарсаңында олимпиадалық салмаққа ауысты. Бұған дейін 72 келіде әлемнің вице-чемпионы атанған ол 77 келіде айтарлықтай табысқа жете қойған жоқ. Тек Азия чемпионатының қоласын иеленіп, былтырғы әлем чемпионатында бесінші орында қалды. 34 жастағы балуанға енді Парижде атой салатын кез келді.

«Жанкүйердің қолдауы мен бір сәтке де тоқтатпады. Шешуші белдесуде ұтылып жатсам да, алға баса бердім. Уақыт деген қызық қой, өзі. Жеңіп жатқанда өтіп болмайды, жеңіліп жатқанда зуылдай жөнеледі. Енді жақсылап дайындалып, Токиода кеткен есені қайтаруға тырысамыз», - деді Демеу.

Ал команда бапкері Нұрым Дүйсеновтің айтуынша, балуандар Бішкек төрінде барын салған.

«Жолдама алмаған балуандардың мәселесі бапкерлер кеңесінде шешіледі. Ал лицензия алған жігіттер бұл жетістікке лайық болды деп ойлаймын. Бас бапкер бәрін таразылайды. Мейіржан Шермаханбет аянып қалған жоқ, тек тактикалық тұрғыдан қате кеткен сияқты. Төрешілер де Мейіржан қарсылас жауырынын жерге тигізбек болғанда, ысқырық шалып, тоқтатып тастады. 130 келідегі Әлімхан Сыздықовқа әлі шыдамдылық жағынан жұмыс істеу керек. Ол тез шаршап қалды», - дейді бапкер.

Екі салмақтағы жолдама мәселесін балуандар Стамбулда өтетін соңғы әлемдік лицензиялық турнирде шешуге тырысады. Аталған жарыс 8-12 мамырға жоспарланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары