Алдын ала болжам бойынша, отбасының улануына пештің мұржасын мерзімінен бұрын жабу себеп болған.
Солтүстік Қазақстан Айыртау ауданының Антоновка елді мекенінде бір үйлі жан көміртегі тотығымен уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін болған. 112 телефон нөміріне сағат 10:10-да Антоновка ауылында жеке үйде бір отбасының көміртегі тотығымен уланғаны туралы хабар түседі. Үйде 33 жастағы әйел кәмелет жасына толмаған сегіз баласымен болған. Ересегі 15-те болса, кішісінің жасы алтыда. Отбасы мүшелері аудандық ауруханаға жатқызылды.
Алдын ала болжам бойынша, отбасының улануына пештің мұржасын мерзімінен бұрын жабу себеп болған.
Отбасы бұл баспанаға екі күн бұрын ғана үйлерінде жөндеу жүріп жатқандықтан уақытша тұруға көшкен екен.
Негізгі мекенжайында қаңтарда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көміртегі тотығы датчигін орнатқан. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыс та жүргізілген екен.