$ 464.72  496.32  5.4

«Жігіттермен тең жүрдік»: Астанадағы қарттар үйінде тұратын ардагер әжей соғыс жылдарын еске алды

Госпитальдарға түскен жаралы сарбаздардың өміріне араша болу үшін донор да болған. Екі жылда 8 келі 150 грамм қан тапсырғаны есінде қалыпты. 

Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ғасыр жасаған ардагер тұрады. Раиса Сафоничева жеңісті Будапеште қарсы алған. Кейінгі тағдыры Қазақстанмен байланысты болды. Осында ұрпақ өрбітіп, ел дамуына үлес қосты. Қазыналы қарт әлі де тың. Мереке қарсаңында Раиса Сафоничеваға үшінші дәрежелі "Айбын" ордені табысталды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "24.kz"-ке сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Раиса Сафоничева 10 шілдеде 99 жасқа толады. Ресейдің тумасы 1943 жылы соғысқа аттанған. Госпитальдарға түскен жаралы сарбаздардың өміріне араша болу үшін донор да болған. Екі жылда 8 келі 150 грамм қан тапсырғаны есінде қалыпты. 

"Мен оқып жүргенде алғаш рет қан тапсырдым. Кейін Отанымды қорғауға бел будым. Санитар болсам да, көмегім тисін дедім. Бірақ, жігіттермен тең жүріп, талай жұмысты атқардық. Бәрі мені құрметтейтін. Жеңіске жеткенімізді радиодан естіп білдім. Таңғы 4-те хабарлады. Бөлмеде жалғыз болғам. Бір кезде солдаттар жүгіріп келіп, қуаныштарымен бөлісті. Бұл сәт мәңгі есімнен кетпейді", - дейді екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Раиса Сафоничева.

Раиса Егоровна майдан шебінде байланысшы болды. Жігерлі жан Украина, Бессарабия, Венгрия, Румынияны жүріп өтті. Жеңіс күнін Будапештте қарсы алды. Кеңес әскері қатарынан 1946 жылы ғана босады. Одан тұрмысқа шығып, тың игеру үшін күйеуімен Ақмола даласына келген. Әр салада еңбек еткен ол, жолдасы қайтыс болған соң, өз еркімен қарттар үйіне орналасады.

"Ол кісі осы "Шарапат" ӘҚКО 2018 жылдан бері тұрып жатыр. Ол кезде ол кісінің тұңғыш қызы Маргарита алып келген болатын. Бұл әжеміз өзі келген болатын. Қызы қайтыс болды. Қызының қазасы бұл кісіге қатты тиді. Содан кейін бұл кісі төсек тартып жатып, кейіннен коляскаға отыра бастады. Бірақ бұл кісі өмірге сүйіспеншілікпен қарайтын адамдардың бірі. Ешнәрсеге қарамастан, қайратының арқасында өмір сүріп келеді. Қатты дерті жанына батқан күннің өзінде басқалардың ауырмауын, ары қарай алға жылжуды сұрап отырады", - деді "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ардақ Сейітова.

Раиса Сафоничева екінші дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Украинаны, Будапештті азат еткені еленді, бейбіт заманда "Ерен еңбегі үшін" бағаланды. 

"Қазір 7 ардегеріміз қалды деп отыр. Соның бірі осы "Шарапат" қарттар үйінде тұрады. Ол кісі Сафоничева Раиса Егоровна. Бұл кісіге біз жылда барып тұрамыз. Осы қарттар үйінде осындай қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрамыз. Мерекеге байланысты", - дейді ҚР Ауғанстан және қорғаныс ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Айтуған Күзербаев.

Телеарна мәліметінше, Раиса Сафоничева жеңістің 80 жылдығын ғасырлық тойымен тұспа-тұс келетінін тебірене айтады. Қазір "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Раиса Сафоничевадан бөлек 14 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Барлығы мемлекет қамқорлығында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары