Ашық сот процесі көптің құқықтық сауатын ашты деуге болады.
27 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп айыпталған Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы басталған болатын. Жоғарғы Соттың коммуникациялар бөлімінің басшысы Перизат Сәдуақастың айтуынша, мұндай шешім осы іске қоғамның қызығушылығының артуына байланысты қабылданған. Бұл Қазақстан тарихындағы тікелей эфирде барлығы бақылай алатын алғашқы сот процесі. Резонанс тудырған бұл істің ашық сот отырысында өтуі қоғамға қалай әсер етті? Енді қазақстандық соттар ашық түрде өте ме? Skifnews.kz ақпарат порталының шолу материалынан оқи аласыздар.
Атышулы «Бишімбаевтың ісінен» кейін қоғамда қызу талқы басталды. Ашық сот процесі көптің құқықтық сауатын ашты деуге болады. Мұны қарапайым ел азаматтары мен заңгерлердің өзі алға тартып отыр. Жақында ғана Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы заңды көпшілік қалай қабылдады?
Фото: Жоғарғы сот
Алты айдан бері қоғамда қызу талқыланып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты дауға Президент жаңа заңды мақұлдап, нүкте қойды. Отбасындағы кикілжіңнің соңы қылмыспен аяқталса, зәбір көрсеткендердің қолына кісен салынатыны сенім ұялатты. Осылай деген ел азаматтары атышулы «Бишімбаевтың ісі» де құқықтық сауатымызды біршама ашты, - дейді.
Естеріңізге салсақ, 24 cәуірде ҚР Жоғарғы Соты кезекті сот отырысын тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдаған болатын. Сот процесі қоғамды дүрліктірген Алматы қаласындағы автобус апатына қатысты болды.
Фото: Жоғарғы сот
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қоғамдық көлікте кетіп бара жатқан жолаушылардың бірі жүргізушіге қол жұмсап, жүргізуші есінен танып қалған болатын. Ал автобус аялдамада тұрған 3 адамды қағып, мерт қылды.
«Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда үш адамның өліміне әкелген бұзақылық және көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтеді. Осы іс бойынша сот процесіне қоғамның қызығушылығын ескере отырып, сот отырыстарының онлайн трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», - делінген Жоғарғы соттың мәлімдемесінде.
Білікті заңгер Бағдат Амандосұлы осындай ашық сот отырысы қоғамның көзқарасын өзгертеді әрі қылмыс дерегін азайтады, - дейді.
"Осылай ашық түрде сот процессін көрсететін болса, қылмыстың деңгей төмендетіледі. Неғұрлым жаза қатаң болады, жаза жоғары болады, соғұрлым құқық бұзушылықтың деңгейі төмен болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес татуласу бойынша істі жабуға болады. Мына өзгертулер мен толықтырулар яғни орын алатын болса, онда татуласу арқылы істі тоқтатуға, бір сөзбен айтқанда жауып тастауға болмайды", - дейді заңгер, Бағдат Амандосұлы.
Фото: ZTB.news
Ал халықыарлық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Әжіғалиұлы, алдын ала тергеу жұмыстарын сот тергеушілері өздері өткізу қажет деген пікірде. Сонда «Бишімбаевтың ісіндегідей» алдымен бірнеше айға созылған тергеу, содан кейін сот процесін күтпес едік дейді.
"Көп жағдайда сондай алдын-ала тергеулер уақытымен, мерзімімен айлап, жылдап созылып кетеді де, тергеу барысында сол зорлық-зомбылықты көрсеткен тұлғалар өздернің қылмысын жоқ қылу түрлі әрекеттерге барады, қорғаушылары жұмыс істейді. Менің жеке пікірім Франция еліндей қылмыс тіркелді ме, бірден соттың тергеушілер тергеу жүргізеді. Сондай тергеуді осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тергеуді бірден соттан бастау керек", - деді халықаралық құқық қорғау орталығының президенті, Жанділдә Әжіғалиұлы.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты, танымал заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында Бишімбаев ісі мен еліміздегі сот жүйесі туралы жазған болатын.
Оның айтуынша, Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерісті бастан өткеріп жатыр.
Коллаж: ulysmedia.kz
"Білесіздер, дәл қазір бүкіл Қазақстан экс-министр Бишімбаев ісін қадағалап отыр. Неге? Себебі іс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Бұл – бір. Ал аталған мәселе қоғамда ушығып тұр.
Екінші, сот процесі ашық өтіп жатыр. Кез келген адам YouTube желісінен отырысты тамашалай алады. Тіпті, бұл іс ел ауқымынан шығып, Washington Post, Al Jazeera секілді алпауыт медиаларда айтылды.
Бұған дейін Парламент мінберінен бірнеше рет судьяларға, сот жүйесіне қатысты сын айтқан едім. Қазір ескі Қазақстанның сарқыншақтары жойылып, Президент тапсырмасына сәйкес ашықтық қалыптасып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Бишімбаев ісінің тікелей эфирден көрсетілуі халықтың құқықтық сауатын арттырады. Енді, азаматтар сот отырысы қалай өтетінін, қорғаушылардың міндетін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін үйренеді. Мұның бәрі, әлбетте, оң өзгерістер. Ең бастысы – осы арқылы қоғамның сот жүйесіне, оның әділдігіне сенімі арта бастады. Ашық өткен процесте біреу-міреуді сатып алу мүмкін емес.
Бұл іс – бүкіл халықтың назарын аударған алғашқы сот отырысы. Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға қатысты сот отырысы да тікелей эфирде көпшілікке көрсетілді. Сонымен қатар Қарағандыда жедел-жәрдем көлігі жүргізушісін ұрған адамға қатысты іс те онлайн көрсетілді.
Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқан белгісіз болатын. Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың сотталып, кейін босап шығуы да осы себепті еді. Кім Назарбаевқа жақын болды не кешірім сұрады, сол жазадан оңай құтылатын. Қазір бұлай жасау мүмкін емес. Сот отырысын тікелей эфирден көрсету арқылы, оған алқабилерді қатыстыру арқылы сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Әрине, бұл бағытта атқаратын жұмыс жетерлік. Сот жүйесіне, алқабилерге қатысты заң жобаларын әлі де жетілдіру керек. Бірақ ең бастысы, сең қозғалды. Енді оны тоқтату мүмкін емес! ", - деп пікір жазды заңгер.
Айта кетейік, жаңа қатаңдатылған заң бойынша енді жеңіл жарақат салғандар - 2, денсаулығына орташа зақым келтіргендер - 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал қасақана зиян келтіріп барып, салдарынан жәбірленуші тіл тартпай кетсе, 106 баптың 3-ші тармағына сәйкес 8 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал аса қатыгездікпен кісі өлтіргендер 20 жылға дейін немесе өмір бойына түрмеге тоғытылады.