12 мамырда еліміздің басым бөлігінде найзағай, үсік және нөсер жаңбыр күтіледі.
"Қазгидромет" РМК Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылдық ескерту жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
12 мамырда еліміздің басым бөлігінде найзағай, үсік және нөсер жаңбыр күтіледі.
Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты әлі де еліміздің басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, батыс, оңтүстік-шығыс өңірде қатты жаңбыр жауады, Алматы облысының таулы аудандарында – қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады деп күтіледі. Республикамыздың солтүстігінде, орталығында антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сипат береді деп болжанады. Республикамыз бойынша ортақ құбылыс - желдің екпін алуы, батыс, оңтүстік-шығыс өңірлерде қатты жел соғып, бұршақ түседі, батыста, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады, түнде және таңертең шығыста, орталық өңірлерде тұман болады деп күтіледі, - делінген синоптиктердің болжамында.
Бүгін Алматының кей жерлерінде найзағай ойнауы мүмкін.
Ұлытау облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының шығысында, орталығында түнде және таңертең тұман көтеріледі. Ал облыстың солтүстігі мен шығысында 2 градус үсік болады. Облыстың батысында, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Сондай-ақ Атырау облысының солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр, бұршақ жауып, найзағай ойнайды әрі шаңды дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, күндіз облыстың шығысында жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді, екпіні болса 23 м/с дейін жетуі ықтимал. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысында оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Түнде облыстың шығысында 2 градус үсік болмақ.
Алматы облысының таулы аудандарында кей уақытта қатты жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) күтіледі. Облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында, таулы аудандарында найзағай ойнайды. Тау бөктеріндегі аудандарда бұршақ жауады. Ал солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс бағытқа ауысып, облыстың шығысында жел екпіні 17-22 м/с дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінен жел ауып, оңтүстік-батыста және батыста жел соғады, оның екпіні 15-20 м/с, күндіз 15-20 м/с болмақ, ал екпіні 23-28 м/с дейін жетуі ықтимал.
Түркістан облысының тауларында найзағай, дауыл күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа ауысып, найзағай кезінде оның екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың шөлді аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысының оңтүстігінде де жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында күндіз найзағай ойнап, бұршақ жауып, дауыл болмақ. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғып, күндіз облыстың батысында жел екпіні 15-20 м/с болады деген болжам бар. Ал облыстың оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталмақ.
Қызылорда облысында жел оңтүстік-шығыстан және оңтүстіктен соғып, күндіз облыстың солтүстігі мен орталығында жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді деген болжам бар. 12 мамырда облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады.