Олжас Бектенов жаңа министрге ведомство алдында тұрған маңызды міндеттерді белгіледі.
30 сәуірде министр Бағдат Мусин қызметінен кетті. Енді оның орнына келген жаңа министрдің аяқ алысы қалай болмақ? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі жаңа тағайындау, қазақстандықтарды қандай жаңалық күтеді? Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Президент жарлығымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Б.Мусиннің жасы 41-де. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін 2020 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келді. Осы мерзім ішінде Мусиннің қызметіне қатысты сын көп айтылды. Әзірге оның нақты қандай «минусы» үшін қызметтен кеткені жұмбақ, қайда барып тұрақтайтыны да беймәлім.
Фото: Бағдат Мусиннің Facebook-тегі парақшасынан алынды
«Менің отставкаға кеткенім туралы соңғы жаңалықты естіген шығарсыздар. Бірінші кезекте еліміздегі маңызды саланың бірі - цифрландыру саласын басқаруды сеніп тапсырған және мүмкіндік берген Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. 3 жыл ішінде көп нәрсе жасалды және әлі де жасала бермек. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің бірі деп айтуға негіз көп. Бұл алдымен кәсіпқойлар жиналған үлкен команданың еңбегі, біз олармен бірге өсіп, қатар келген қиындықтарды да, үлкен жеңістерді де бірге бөлістік. Цифрлы сервистерді енгізу үдерістеріне және Цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дамуына қолдау көрсеткен, сенім білдірген және қатысқан әрқайсыңызға ризамын», - деп жазды экс-министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал оның орнына Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып Жаслан Мәдиев тағайындалды.
Фото: Zhaslan Madiyev Facebook-парақшасынан алынды
«Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалсын», – делінген мемлекет басшысының жарлығында.
Оның кандидатурасына Парламент Мәжілісі келісім берді.
«Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына Жаслан Хасенұлы Мәдиевтің кандидатурасы келісілді», – деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жаңа министр туралы не білеміз?
Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы «Альянс Банк» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.
2007-2008 жылдары – «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да жұмыс істеді.
2009-2010 жылдары KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2010-2014 жылдары «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.
2017-2018 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.
2018 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі.
2020 жылғы қазаннан бастап Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ол отбасымен экономист. Жаслан Мәдиевтің есімі атышулы жанжалдарға ілікпеген. Жоғары білімі бар, дипломының бірін халықтың ақшасына алған. Яғни, Колумбия университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған. Оның бүкіл мансап жолы қаржы саласымен тікелей байланысты болды: Самұрық-Қазынада, Қазақстан даму банкінде, Ұлттық банкте жұмыс істеді, Ұлттық экономика вице-министрі болды.
Оның әкесі Хасен Мәдиев бұрын Қазақтелекомда жұмыс істеген, ол да қаржы саласына жауапты болған. Ашық дереккөздерде оның ұлттық компанияда 2008 жылға дейін еңбек еткені жөнінде деректер бар.
Жаңа министрдің ағасы Олжас Мәдиевтің ізі мемлекеттік сатып алу порталынан табылды. Онда ол Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының қызметкері ретінде белгіленген. Бұл – 2020 жылғы деректер.
Мусиннің орнына келген Мәдиев не істемек?
Цифрлық даму министрі лауазымына жуырда ғана тағайындалған Жаслан Мәдиев саланың тамырына қан одан әрі қан жүгірту үшін не істейді? Алдағы жоспары қалай? Бұл туралы әлі нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Тек Facebook-парақшасында жаңа қызметке тағайындалғаны туралы кішігірім жазба қалдырды.
«Достар! Сіздер менің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалғаным туралы білесіздер. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Қазақстандағы Binance компаниясындағы жұмысымды қорытындылай келе, бірге ұзақ әрі қызықты жол жүріп өткен әріптестеріме алғыс айтқым келеді!», - деп жазды Жаслан Мәдиев.
Бұл ретте, сарапшылар Цифрлық даму министрлігінің әрі қарайғы аяқалысы, дамуы туралы болжам жасай қойған жоқ. Тек Мусиннің ел есінде қалған сөздерін сарказмға айналдырып қоя салды.
Ал жуырда премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметке жаңа министрді таныстырды.
Олжас Бектенов жаңа министрге ведомство алдында тұрған маңызды міндеттерді белгіледі.
ЦДИАӨМ-ге жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану, ІТ-қызметтердің экспортын ұлғайту мақсатында табысты стартаптарды дайындау үшін қолайлы орта құру жұмысын жалғастыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту тапсырылды.
Ал Мәдиев Мусиннің ісін одан әрі жалғастырып, салада прогресс жасай ма, әлде, регресс бола ма? Ол уақыттың еншісінде.