Бұл оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы.
Әлемдегі ең биік шың – Эверест шыңына (8 848 м) шыққан қазақстандық экспедиция әлі базалық лагерлерге келмеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Kazakh Everest Team» баспасөз қызметі хабарлағандай, экспедиция мүшелері елге оралған соң Алматыда баспасөз конференциясын ұйымдастырады.
Құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар «Kazakh Everest Team» қазақстандық командасы 12 мамыр күні Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те Эверест шыңына шыққан болатын.
8 000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар – тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Анар Бурашева Instagram парақшасында Эверест шыңына ең алғаш рет шыққан 1953 жылғы экспедициядан тірі қалған жалғыз кісіден бата алғанын жариялады.