17.05.2024, 13:40

Атырау облысында тас жол опырылып, көлік шұңқырға түсіп кетті

Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі

Газ құбырының айналасынан су ағып, топырақ пен трассаның опырылуына әкеп соқты.

"Атырау-Индер" тас жолында көліктің шұңқырға түсіп кеткені туралы видео пайда болғаннан кейін өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Желіде тараған видеодан жүк көлігінің жолдың опырылған бөлігіне тіреліп, тоқтап қалғанын байқауға болады. Ал жанында жеміс-жидек шашылып жатыр. 

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, бұл аумақта жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың 27-ші шақырымы уақытша жабылды. 

Талдыкөл ауылындағы газ құбырының айналасынан су ағып, топырақ пен трассаның опырылуына әкеп соқты. Зардап шеккендер жоқ. Газ құбырының немесе газ таратудың зақымдануы туралы деректер тіркелген жоқ. Қазір Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Бүгін, 17 мамыр күні кешке қарай жол толығымен қалпына келтіріледі, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Жолды қалпына келтіру жұмыстарына 4 бірлік арнайы техника мен 15 маман жұмылдырылған.