2002 жылы Батыр өзінің алғашқы жеке альбомы «Отан ананы» жарыққа шығарды.
1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда қаласында Қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, композитор Батырхан Қамалұлы Шүкенов дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әнші мектепті бітірген соң, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор қаласы) Надежда Крупская атындағы мәдениет институтына оқуға түседі. Бұл оқу орнында саксофонның оркестрлік бөлімінде екі жыл білім алады. Саксофонда ойнауды Батырханға әлемге белгілі музыканттар Геннадий Гольштейн мен Владимир Рабик үйретеді.
1981 жылы Шүкенов Алматыдағы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекеттік консерваторияға ауысты.
Батырханның шығармашылық жолы
Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген Батырхан 1982 жылы "Арай" тобында саксофоншы болады. Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаевамен бірге өнер көрсетеді. Топтың құрамында Батырхан джаз композицияларын орындай жүріп, өзін альт- және тенор-саксофон виртуозы ретінде көрсетеді;
1983 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанды. Ал 1985 жылы Батырхан Шүкенов Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіреді;
1985-1986 жылдары кеңес әскері қатарында отан алдындағы борышын өтейді;
1987 жылы Батырхан "Арай" тобынан кетіп, "Алма-Ата" деген атаумен музыкалық топ құрады. Өзінің жеке шығармалығын бастайды.
A-Studio тобы қалай құрылды?
"Алма-Ата" тобы "Мелодия" фирмасында "Путь без остановок" (барлығы 8 ән, оның 2 әні – қазақша) деген атаумен өздерінің алғашқы альбомын шығарады. Ал 1988 жылы олар топтың атын "Алма-Ата Студио" деп өзгертеді. Ал Батыр бұл ұжымның фронтмені болады. Кейін топтың аты – A-Studio болып өзгереді.
1989 жылы музыканттар алғашқы бүкілодақтық "Джулия" хитын шығарады. Алла Пугачева бірден топпен танысып, оларды Мәскеуге жұмыс істеуге шақырады. Олар "Рождественские встречи" бағдарламасына қатысқан соң, A-Studio тобы бүкіл одаққа танымал болады.
Музыканттар Алла Пугачеваның ән театрында 1989-1994 жылдар аралығында жұмыс істейді.
"Отан Ана" альбомы
2000 жылдың күзінде Батырхан A-Studio тобынан кетіп, этникалық музыкаға оралуға шешім қабылдайды. Ал 2002 жылы Батыр өзінің алғашқы жеке альбомы "Отан ананы" жарыққа шығарды.
Ол топтан кеткеннен кейін басқа форматтағы музыканы жазғысы келді. Менің ойымша, ол "Отан ана" альбомы еді. Бұл жобада Батырхан екеуміз жарты жылдай бірге жұмыс істедік. Альбом туралы көп сөйлестік. Мен бір нәрсені анық білемін. Ол барлық әнін халқына арнады, - дейді композитор, продюсер Ренат Гайсин.
2007 Алматыдағы республика сарайында "Батыр LIVE" альбомы жарық көреді;
2007-2015 жылдары Батырхан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы кеңесшісі қызметін атқарады;
2009 жылдың 20 қарашасында Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ елшісі болады;
2010 жылы "Осторожно, милая девушка!" атты Батырхан Шүкеновтің төртінші жеке альбомы шығады;
2010 жылдың 7 желтоқсанында Батырхан Шүкенов "Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері" атағын алады;
2013 жылы Батырханның соңғы "Душа" альбомы шықты;
2013 жылы "Россия-1" телеарнасындағы "Живой звук" телебағдарламасының жеңімпазы атанды. Ал 2015 жылы әртіс "Россия-1" телеарнасындағы "Один в один!" музыкалық бағдарламасына қатысады.
Орны толмас ауыр қаза
Батырхан Шүкенов 2015 жылдың 28 сәуір күні 53 жасқа қараған жасында кенеттен жүрегі тоқтап, Мәскеуде қайтыс болды. Дәрігерлер әншінің өмірін сақтап қалу үшін бірнеше сағат бойы күрескен. Марқұм Алматыда жерленді.