20.05.2024, 13:40

Атыраудағы Махамбет ауылына қауіп төніп тұр

Фото: gov.kz

Судың көп көлемде келуі мен ағыстың қаттылығынан бұл жұмысты жүргізу мүмкін болмай тұр.

Жайық өзеніндегі мол судан Атырау облысындағы Махамбет ауылына қауіп төнуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, соған байланысты Махамбет ауданының орталығы – Махамбет пен Сарытоғай ауылының арасындағы жолды жабуға тура келген.

«Жайық өзенімен өр суының көптеп келуі Махамбет ауылына қауіп төндірді. Соған байланысты Махамбет-Сарытоғай ауылын жалғаған тас жол жабылып, су арнасы бағытын бұру үшін жырылды. Махамбет ауданының әкімдігі жол төсемін қалпына келтіру үшін инертті материалдар дайындады. Алайда судың көп көлемде келуі мен ағыстың қаттылығынан бұл жұмысты жүргізу мүмкін болмай тұр», - делінген облыстық жедел штабтың хабарламасында.

Су деңгейі төмендеген соң жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

Облыстық жедел штабтың мәлімдеуінше, су тасқынымен күресте уақытша қолайсыздықтар туындайды. Бірақ аталған жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Сарытоғай елді мекенін Махамбет ауылына қатынаушылар «Сейтек» шайханасы жанындағы айналма жолмен жүруіне болады.